ОПЕК елдері әлемдегі мұнай сұранысын толық қанағаттандыра алмай жатыр. Ал, АҚШ президенті Дональд Трамп болса Сауд Арабиясына "қара алтын" өндірісінің көлемін ұлғайтуды тапсырды. Бұл жайт мұнай бағасына қалай әсер етеді және ол теңгенің тұрақсыздығын тоқтата ала ма? Бұл жайында танымал экономист Арман Байғанов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Маманның айтуынша, соңғы 2-3 айда ОПЕК елдерінде тауар қоры таусылуға айналған. Ал, мұнайға деген сұраныс күннен күнге жоғарылап келеді. Демек, биыл оның бір баррелі 80 долларға дейін өсуі мүмкін.
"Венесуэла мен ОПЕК-тің өзге елдері бетпе-бет келген жағымсыз жайттар нарықтағы мұнай тапшылығын тудырды. Өндіруші елдер өндіріс көлемін арттырып үлгере алмауда. Әлемдегі мұнай өндірісінің 10 пайызын алып жатқан АҚШ-тың өзі дефициттен құтыла алмай отыр. Енді болжамға сәйкес, биыл мұнайдың бір баррелі 80 долларға дейін өсуі керек", - дейді сарапшы.
Бірақ, оның пікірінше, мұнай бағасының өсуі теңгенің тұрақталуына еш әсер етпейді екен.
"Менің ойымша, теңге бағамы тұрақтала қоймайды. Өйткені, ресейлік рубль мұнайға қарамастан құлдырап барады. Ресейдің экономикасында да қазір проблемалар көп, алдағы 2 жылда мұнда ЖІӨ көрсеткші төмендейді деп күтілуде. Менің пікірімше, мұнай бағасы өссе де ұлттық валюта жыл соңына дейін 1 долларға шаққанда 350-360 теңгені құрауы мүмкін", - деп атап өтті Арман Байғанов.