$ 498.34  519.72  4.85

Биыл кәсіпкер боламын деген 30 мың адам «Бастау» жобасы арқылы оқытылмақ

«Бастау» жобасын былтыр «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске қосқан болатын. Басты мақсат – еліміздің бизнес-бастамасы бар, өзін өзі жұмыспен қамтыған және ауылдағы жұмыссыз тұрғындарды кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы ауыл халқының экономикалық белсенділігін арттыру. Бүгін Астанада ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының V Съезінің шеңберінде аталған жобаның қатысушылар мен түлектерінің республикалық форумы өтті.

Жалпы «Бастау» «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жүзеге асып отырған жоба.

Айта кету керек, 2017 жылы 80 ауданда 15 000 адам оқытылып, солардың 3314-і бизнестерін ашты немесе кеңейтті. Ал, жобаның биылғы нысаналы көрсеткіші екі есеге артты: қамту аймағы 80 ауданнан 160 ауданға, ал оқуға қатысушылар саны 15 мыңнан 30 мың адамға көбейді, сондай-ақ, қалалар мен моноқалалар қосылды. Жобаны іске асыру қорытындысында 2018 жылы бизнестің 6 мың жаңа субъектісі ашылып, 15 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Енді форум жайына тоқталсақ… Шараға былтырғы бизнес-жобалар қатысты. Комиссия 30 үздік жобаны іріктеп алды, кәсібін енді бастаған ауылдық кәсіпкерлерге естелік мүсіншелер мен мадақ қағаздарын табыс етті.

Еңбегі еленіп, марапатталғандар қатарында 30 жастағы Ержан Мүсәлімов те бар. Ол Қарағанды облысы Осакаров ауданының тұрғыны. Ауыл шаруашылықты қолдау қаржылық қоры кәсіпкерге 3,9 миллион теңге көлемінде несие берген. Бұл қаражатқа ол 19 бас жас мал және жем алған. Ферманың еті қазіргі таңда облыс орталығына ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне жеткізіледі. 

«Менің жоғары білімім бар, мамандығым инженер-технолог. Осыған дейін 6 жылдай құрылыс саласында жұмыс істедім, бірақ әрдайым өз ісімді ашқым келетін. Арманым орындалды. Біздің кентте ауыл шарушалығы онша дамымаған, сондықтанмен мал шаруашылығын таңдадым. Көмек сұрапжергілікті Кәсіпкерлер палатасының филиалына бардым, онда маған «Бастау» жобасы туралы айтып берді. Бір ай бойы бірінші лекпен оқудан өттім.Бизнет-жаттықтырушымыз Меруерт Қасымова бізге кәсіпкерліктің негіздерін үйретіп, бизнес-жоспар құруға көмектесті, ол жоспарды мен комиссия алдында сәтті қорғап шықтым», - дейді жас кәсіпкер Ержан Мүсәлімов.

Ал, дәл осы Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы кентінің тұрғыны Қазбек Уақасов өз ауылында қонақ үй кешенін ашқан. Ол 6,4 миллион теңге көлемінде шағын несие алыпты. Ал жобаның жалпы сомасы одан екі есе артқан. 

44 жасар Меруерт Шәйкенова Қарқаралыда тәулік бойы жұмыс істейтін дәріхана ашып, жергілікті 4 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Осыған дейін ол фармацевт болып қызмет еткен, сондықтан аталмыш сала оған етене таныс. Жобаның жалпы құны 15 млн теңгені құрады, оның 4 миллионын ол несиеге алған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары