$ 446.49  475.38  4.79

Алдағы жылдары кәсіпкерлікті қолдауға 255 млрд теңге бөлінбек

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының бюджеттік қаражаттардың тиімді жұмсалуын қадағалау тақырыбына қатысты отырысында «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Алина Алдамберген мәлім етті.

«Өздеріңізге мәлім, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдарға арналған «Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау» бағыты бойынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан өңдеуші саладағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлікке қаражат бөлу көзделген. Барлық көздерден кәсіпкерлікті қолдауға бөлінетін жалпы қаражат 255 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде 100 млрд. теңге 2015 жылы Ұлттық қордан бөлінді. Оның 50 млрд. теңгесі «Даму» қоры арқылы, қалған 50 млрд. теңгесі Қазақстанның даму банкі арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына үлестіріледі. Сонымен қатар халықаралық қаржы көздерінен қаржы тарту көзделген. 2016-2017 жылдары Бүкіләлемдік банктен - 37 млрд. теңге, 2015-2017 жылдары Азия даму банкінен - 81 млрд. теңге, Еуропаның Даму және қайта құру банкінен 2015-2016 жылдары 37 млрд. теңге беріледі», - деді ол.

Оның айтуынша, бұдан бөлек, 2014 жылдың желтоқсан айында Ұлттық қордан 100 млрд. теңге бөлінген. Осылайша, «Даму» қорында 100 млрд. теңге, ҚДБ-да 100 млрд. теңге бар.

«Даму» қоры 2015 жылдың 19 маусымындағы жағдай бойынша, бөлінген 100 млрд. теңге есебінен жалпы құны 81,9 млрд. теңге болатын 437 жобаны мақұлдады. 51,4 млрд. теңгеге 328 жоба бойынша қаржыландыру басталды», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік,  Экономикалық өсуді ынталандыру – кез-келген елдің экономикалық саясатының аса маңызды міндеттерінің бірі болып табылады, өйткені экономикалық өсу – халықтың әл-ауқатының артуына жағдай жасайды. Шағын және орта бизнес экономикалық өсу факторларының бірі болып табылады. Аса өзекті экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешу барысында шағын және орта бизнестің рөлі ерекше болып табылады. Мемлекет тарапынан елеулі шығындарды талап етпестен, шағын және орта бизнес «салауатты» бәсекелі ортаның қалыптасуына, нарықтық тепе-теңдіктің орнауына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, жағдайы орташа тұрғындар тобының қалыптасуына, тұрғындардың әр-түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыруға жағдай жасайды, ал бұл – ақыр соңында, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етеді.

Орта және шағын бизнестің даму мәселелері біздің еліміздің басшылығы үшін әрдайым басымдықты мәселе болып табылады. Мемлекет тарапынан қолға алынған, жеке кәсіпкерлікті қолдау шаралары ТМД елдерінің арасындағы ауқымы бойынша теңдессіз болып табылады. Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында шағын және орта бизнестің дамуын – еліміздің экономикалық саясатының басымдықты бағыттарының біріне жатқызған. Шағын және орта бизнесті дамыту – Қазақстанның ХХI ғасырдағы индустриалдық және әлеуметтік жаңаруының басты құралы болып табылады. Біздің экономикамыздағы шағын және орта бизнестің үлесі қаншалықты көп болса – Қазақстанның дамуы да соншалықты тұрақты болады.

ҚР Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда соңғы 9 жылда шағын және орта бизнестің тіркелген кәсіпорындарының саны екі еседен артық мөлшерге өсіп, 2013 жылдың нәтижелері бойынша 1 542 мың бірлікті құраған. Осылайша, шағын және орта бизнес экономикалық тұрғыда белсенді тұрғындардың арасындағы барынша кеңінен тараған қызметтің түріне айналып отыр. Бұл – мемлекетіміздің жоспарлы саясатының дұрыс таңдалғанын, сондай-ақ еліміздегі бизнес-климаттың қолайлы екенін куәландырады.

Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингісінің нәтижелері бойынша 2014 жылы Қазақстан 2013 жылмен салыстырғанда өз позициясын 3 тармаққа жақсарта отырып, 189 елдің арасында 50 орынды иемденген. Бұл зерттеу жыл сайынғы негізде 189 елде өткізіліп отырады және ол бойынша бизнес-климат қолайлылығының 10 бағыты бойынша елдердің рейтингісі анықталады.

Қазақстан позициясының жақсаруы негізінен компаниялардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркелу уақытының қысқаруының есебінен, сондай-ақ меншікті тіркеудің жылдамдатылған рәсімінің енгізілуінің арқасында орын алып отыр. Кешенді институционалдық шараларды өткізу – «Doing Business» рейтингісінің келесі индикаторларының жақсаруына жағдай жасады: «Құрылысқа рұқсат алу» (145 орын, 4 позицияға жақсарған), «Меншікті тіркеу» (18 орын, 9 позицияға жақсарған), «Төлеу қабілетсіздігін шешу» (54 орын, 1 позицияға жақсарған).

Сонымен қатар, «Салық салу» (18 орын) және «Халықаралық сауда жүргізу» (186 орын) секілді индикаторлар өзгеріссіз қалып отыр. «Кәсіпорынды тіркеу» (30 орын, 3 позицияға нашарлаған), «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосу» (87 орын, 2 позицияға нашарлаған), «Несиелендіру» (86 орын, 4 позицияға нашарлаған), «Инвесторларды қорғау» (22 орын, 1 поицияға нашарлаған) және «Контрактілердің орындалуын қамтамасыз ету» (27 орын, 1 позицияға нашарлаған) секілді индикаторларда нашарлау дерегі орын алған. Тәжірибе жүзінде кәсіпкердің қазіргі уақытта жылдам және оңай жасай алатын әрекеті – бизнес ашу болып табылады, одан кейін кәсіпкерге осындай шағын және орта бизнеспен байланысты әр-түрлі айыппұл ықпалшараларын, салықтарды төлеуіне тура келеді, сондықтан көлеңкелі секторда болу тиімдірек.

Әйтсе де, Қазақстандағы шағын және орта бизнес едәуір қиындықтарды кезіктіруде және оларды жеңіп шығу үшін жүйелі жұмыс атқару қажет, ал бұл – ең алдымен, заңнаманы әрі қарай жетілдіру, қаржылай қолдау көрсету, аймақтық даму бағдарламаларының тиімділігін арттыру, әкімшілік кедергілерді жою және жемқорлықты жеңіп шығу, инновациялық әлеуетті арттыру, сондай-ақ, кәсіпкерлік білімді дамыту жөніндегі жұмыстар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары