$ 494.87  520.65  4.91

Қытай Қазақстан жолдарына инвестиция салмақ

«Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Қазақстанда 2020 жылға дейін 7 мыңнан астам шақырым автомобиль жолдарын қалпына келтіру үшін 2,4 трлн. теңге бөлінеді.

Қазақстандық көлік жолдарын қалпына келтіру жобасының инвесторларының арасында ҚХР-ның Эксимбанкі де бар. Онымен Талдықорған-Өскемен, Қалбатау-Майқапшағай және Меркі-Бурылбайтал-Ақсүйек күре жолдарын қалпына келтіру үшін қаржыландыру меморандумына қол қойылған. 

Барлық жобалар бойынша биылғы жылы техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2016 жылы бастау жоспарлануда. 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев таяуда сөйлеген сөзінде Қазақстандағы жол құрылысы ел экономикасын дамытудың драйвері болатынын атап өткен еді. 

«Өз қолдауын Қытай Халық Республикасы да көрсетеді, себебі біздің еліміз «Жібек жолының экономикалық белдеуіне» енгізіліп отыр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Н.Назарбаев еліміздің дамуына бағыт-бағдар беретін «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауын жариялаған болатын.

Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда. 

Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалын тап келеді. Нәтижесінде не болып жатқанын біз көріп отырмыз: әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және, тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда.

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз.

Бүгін менің тапсырмам бойынша Үкімет белсенді жұмысқа кірісіп кетті. Біз 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қайта қарадық. Бұл дұрыс, өйткені, біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет алдына оңай емес, алайда, нақты міндет - барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

Дағдарыс жағдайларында, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүріп жатыр. Қолдауды экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативті тиімділік беретін салалар алуы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұған дейін болған. Біздің 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы табысты шараларымызды еске алсақ та жеткілікті. Көріп отырғандарыңыздай, өмір біздің жоспарларымызға түзетулер енгізуде. Және біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрциклды сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Бұл нені білдіреді?

Сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнімдерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары біз шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік. Ұлттық қордың негізгі міндеттерінің бірі біздің экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы орнықтылығын, оның ішінде, табиғи ресурстарға баға төмендеген жағдайда да, жоғарылату болып табылады.

Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шараларға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады.

Ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын мына мақсаттарға бағыттауды тапсырамын.

Бірінші. Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Екінші. Банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы Проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Үшінші. Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту қажет. Осы мақсатта 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы  технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын.

Төртінші. Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.   

Бесінші. ЭКСПО-2017 қарсаңында бізге Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы ойластыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзінде-ақ өзінің максималды өткізу қабілеті - 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдік компаниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бесжылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайды, мемлекеттің үлесі - 15 пайыз.

Қазақстан - ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен.

Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол - шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету - бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ. 

Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистаралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен  шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай - Батыс Еуропа; Астана - Алматы; Астана - Өскемен; Астана - Ақтөбе - Атырау; Алматы - Өскемен; Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда; Атырау - Астрахань.

Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты - Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын.

Екінші. Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады.

Осыған байланысты, біріншіден, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкіметке және әкімдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екіншіден, өңірлерде ШОБ өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн. Туризм үшін инфрақұрылым - жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі.

Үшінші. Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. «Екібастұз - Семей - Өскемен» және «Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Төртінші. ТКШ мен су- және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту. Инвестицияларға жалпы қажеттілік қаржыландырудың барлық көздерінен 2020 жылға дейін жыл сайын ең азы 200 миллиард теңге бөлгенде кем дегенде 2 триллион теңгені құрайды.

Бүгін ТКШ-ны жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу- және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ.   

Бесінші. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту. Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз.

Алтыншы. Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл - апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл - біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі - басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.

Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын.

Жетінші. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет.  

Әлемдік экономикадағы жағдай мынадай, дағдарысты жағдайларда алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткізу айтарлықтай күрделі.

Кезінде Ұлттық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге салғым келеді. Оның басты міндеті - тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс.

Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеруді тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек.

Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс.

Ұлттық қор инвестициялары экономиканың тиісті салаларында міндетті құрылымдық реформалар жүргізумен қоса-қабат жүруі тиіс. Ол үшін жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЕҚДБ және ИДБ қазірдің өзінде 90 басымдықты жобаға 9 миллиард доллар шамасында бөлуге дайын. Қаржыларды бөлу инвестициялық белсенділікті қолдауға, халықтың табыстары деңгейі төмендеуінің алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі.

Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту

бағдарламаларымыз жалғаса береді. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме қозғайтын боламыз. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат - әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз.

Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әр министр не істеу керек екенін біледі. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар - бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет.

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат біздің экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Жолдар - Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты.

Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал ең бастысы - осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады.

Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар - Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім - ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады - біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды.

Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік - ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік - ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық - күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар - біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!

Алдағы жылы біз Конституцияны қабылдаудың және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтеміз. Осы даталарды атап өте отырып, бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. Қазақстан, тек алға атты біздің басты қағидатымыз тарихтың жаңа жауапкершілікті орамында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менің сенімім мол. Баршаларыңызға біздің Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға қол жеткізуде табыстар тілеймін!

Біз Жалпыұлттық идеямыз - Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел - елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі - Мәңгілік Ел! Ол - барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.

Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю - бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні - осы!

«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты - Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін - Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі - бірлік, берекесі.

Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз.

2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда.

Ел бірлігі - біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын және халықаралық ЭКСПO-2017 көрмесін табысты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етеміз. Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын! Баршаңызға «Нұрлы Жол» Жолдауын жүзеге асыруда табыс тілеймін!

Сонымен қатар, соңғы жылдары шетел инвестициялары да көптеп тартылуда. Әсіресе, қытайлық инвестор еліміздің экономикасына қомақты бөліп отыр. Нақты айтар болсақ, Қытайлық инвесторлар Қазақстанда метанды сұйыту зауытын салуды ұсынды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы газдың негізгі көлемі ілеспе түрінде кездеседі, сондай-ақ өткен жылдарда оған аса көңіл бөлінбейтін. Мұнымен қоса, бұрындары тасымалдау мүмкіндіктеріне байланысты газды тұтыну шектеулі болған еді.

«Алайда технологиялардың дамуы жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Егер бұрындары метанды сұйылту бойынша технологиялар тек теңіздегі тасымалдау дәліздерінде пайдаланылса, қазіргі кезде шағын зауыттардың құрылысын салу жеткілікті. Осы орайда оның экономикалық негізделген тасымалын қамтамасыз етіп, елді мекендерге жеткізуге болады. Бұл тұрғыда метанды сұйылту зауытының құрылысын қытайлық инвесторлар ұсынып отыр. Енді техникалық және экономикалық шаралар қарастырылуда», - деді ол.

Сонымен қатар Қарағандыға «Цинхуа» қытай энергетикалық корпорациясының басшылары келіп, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековпен кездесті.

Аталған кездесуде «Кузнецкий» разрезінде көмірді кешенді өңдеу бойынша жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланды.

Нұрмұхамбет Әбдібеков: «Бүгін біз жобаның қазіргі жағдайын талқылап, алдағы уақытта бірлескен жұмыстың нақты жоспарын анықтау үшін жиналдық», – деді.

Ал «Цинхуа» корпорациясы бас директорының орынбасары Ланг Инг өз кезегінде:

«Инвестициялардың жалпы сомасы 2 млрд. доларды құрайды. Зауыт құрылысы екі кезекке бөлінген», – деді. Сондай-ақ, аталған корпорацияның басқарма төрағасы Хуо Ксингхуа: «Біз бұл аймақта жаңа көмір химиясы өндірісін дамытамыз. Көмір арқылы Қазақстанда таза қуат көзін  енгізуге жол ашамыз», – деді.

Қытайлық инвесторлардың сөзіне қарағанда, «Кузнецкий» көмір разрезіне арнайы талдауы жүргізілген. Дегенмен, әлі де болса тереңдетілген маркетингті зерттеулер жүргізу қажет. Ал қаржыландыру схемасы әзірге анықтала қоймаған. Мамандардың есептеуінше, жобаның жүзеге асырылуы өндірілген көмірдің әр тоннасынан экономикалық тиімділікті 5-7 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кездесуде жергілікті халықтың жоба бойынша жұмысқа тартылуы және отандық материалдарды пайдалану мәселелері басты назарда болды. Сонымен қатар, өңір басшылары экологиялық талаптар мен стандарттарды сақтау ісін нақтылады. Екіжақты кездесуде Қарағанды облысы мен қытайлық «Цинхуа» энергетикалық корпорациясы көмірді кешенді өңдеу жөнінде меморандумға қол қойды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл келісім Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинь арасындағы келіссөз барысында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жүзеге асырылғалы отырған жобалардың бірі. Жылпы, Қытай инвесторлары көмірден синтетикалық сұйық отын өндіруді жоспарлап отыр. Кәсіпорын бензин, дизельдік отын мен жоғары бағалы түрлі химиялық өнімдерді шығарады деп күтілуде.

«Цинхуа» корпорациясы көмірді өндіру, байыту, кокстау және химиялау бойынша ірі жекеменшік компания болып табылды.

Ал, ОҚО-да Қытайлық кәсіпкерлер тас өңдеу зауытын салуға қызығушылық танытып отыр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесу барысында аспан асты елінің «ТянХЕ» корпорациясы өз жоспарларымен бөлісті.

Қазақстан-Қытай достық қарым-қатынастары барлық салада қарқын алған. Көршілес мемлекеттің кәсіпкерлері еліміздегі өнеркәсіп өндірісіне инвестиция салуға қашанда мүдделі.

Облыстық кәсіпкерлік палатасында отандық «Казтравертин» компаниясы мен қытайлық «ТянХЕ» корпорациясының бірлескен жиыны өтіп, онда екі ел байланысын бекемдейтін бастамалар талқыланды.

«Тян хе» Қытайдағы мрамор, травертин өндіретін үлкен компания. Қазір Қазақстандағы үлкен кен орнын ашуға келісіп жатырмыз. Барлығы ойдағыдай өтті. Облыс әкімімен де кездестік. Ол кісі инфрақұрылымдарды жасап беруге келісіп отыр», - Қытай халық Республикасы «Тянхе» корпорациясының президенті Ин Кай Шань.  

Айта кетейік, «Казтравертин» елімізде тас өндіру ісімен айналысатын жалғыз өндіріс ошағы. Екі жылдан бері компания Бәйдібек ауданы аумағында травертин өндіру үшін барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Енді бұл істі жандандыру үшін шетелдік компания тарапынан 6 млн. доллар көлемінде қаржы құйылады. Бұдан бөлек, инвесторлар өңірде ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлес қоспақшы.

Сондай-ақ, Қытайлық инвесторлар қызылордада металлургия комбинатын тұрғызуды жоспарлап отыр.

Жиында Қытай мен Қазақстан өкілдері арасында үшжақты келісімшарт жасалатын болып шешілді. Ал, тараптардың құқығын қорғау, инфрақұрылымға қатысты барлық  мәселелерін кәсіпкерлер палатасы шешіп бермекші.

Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмахановтың қытайлық инвесторлармен, сонымен қатар олардың қазақстандық серіктестері - «Ferrum - Vtor» ЖШС құрылтайшылары Әбдурашит Омаров және бас директоры Руслан Омаровпен кездесуі барысында осындай келісімге қол жеткізілді.

«Anhui Masteеl Engineering» компаниясы бас директорының орынбасары Ge Xinijian айтып бергендей, олардың фирмасы – Қытайдағы болат құю өндірісі саласындағы ірі өнеркәсіп орындарының бірі. Бұл компания жылына 20 млн.тонна болат өндіреді және әлемдегі танымал металлургиялық компаниялар жиырмалығына кіреді.

2014 жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығының ҚХР-ға сапары аясында компания және ҰКП арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өту керек.

Қызылорда қаласында өткен кездесу барысында делегаттар қазақстандық серіктестерімен бірге Қызылорда облысында толық циклды металлургия комбинатын салғысы келетіндігі жайлы жеткізді, қосымша мердігерлер ретінде жергілікті компанияларды шақыру бойынша шарттарды талқылады.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 1 000 000 тонна металл прокатын өндіру, сонымен қатар 3000-нан астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жобаның бастапқы құны - 800 млн.доллар. бұл жобаны қытайлық өндірістерді ауыстыру жөніндегі қазақстандық-қытайлық келісім аясында жүзеге асыру жоспарлануда, және де компания өкілдері ірі жобаларды сүйемелдеу жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасы туралы егжей-тегжейлі консультация қажет екенін хабарлады. Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде заңгерлік қызметтер кешенін және серивстік қолдаудың басқа да түрлерін көрсетуге дайын.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді, сондай-ақ инвестициялық артықшылықтар жайлы айтып берді.

ӨКП сонымен қатар инвесторлардың облыс әкімімен кездесуін ұйымдастырып, кездесу барысында Қызылорда облысы Сексеуіл кентінде бұл жобаны жүзеге асыру келешегі және тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттен болатын ықтимал жеңілдіктер мен өңір экономикасын әртараптандыру мәселесі талқыға түсті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары