Доллар бағамы былайғы әлемдік валюталармен салыстырғанда ұзақ уақыттар бойына нығаюмен келді.
Дегенмен, соңғы кездері АҚШ-та мәлім болған макроэкономикалық статистика қысқа мерзімді құлдыраудың орын алатынын айғақтап отырғандай. Федералдық резерв қызметі (ФРҚ) өнеркәсіп өндірісі мен қуаттардың жүктелуіне қатысты қайта қаралған мәліметті ұсынғаннан кейін акциялардың, облигациялардың табыстылығы мен доллар бағамы бірден құлдырай бастаған.
АҚШ-тың өнеркәсібі соңғы жылдары бұрын болжанғанға қарағанда баяу қалпына келуде. Мәселен, өндіріс тек 2014 жылдың мамырында ғана дағдарысқа дейінгі кезеңдегі көрсеткішке қол жеткізе алды, ал ол Федералдық резерв қызметі бұған дейін хабарлаған мерзімнен 7 айға кеш. Өндірістің жалпы көлемі 2011 жылдан 2013 жылға дейінгі аралықта 2,5 пайыздан да төмен деңгейде өсіп, тек 2014 жылы ғана 4,5 пайызға көтерілген. Бірақ ол деңгей биылғы жылы қайтадан құлдырап кетіп отыр. Металл құрылғылар, машиналар мен компьютерлер, электроника өндірісі бұған дейін хабарланғанға қарағанда әлдеқайда баяу қарқынмен өсті, деп атап көрсетілген ФРҚ баяндамасында. Рынок үшін мүлдем күтпеген жағдай болып табылған мұндай мәліметтер қалпына келу қарқын ала түсуде деген үмітті мейлінше әлсірете түседі. Мәлім болған жағдайларға қарағанда, егер ФРҚ жағдайды жақсарту үшін қандай да бір жаңалық ойлап таппаса, рынок құлдырауының бұдан да күштірек болуы әбден мүмкін. Бұдан әрі не болады? Жағдайға қарағанда америкалықтарды макроэкономикалық көрсеткіштерді есептеудің әдістемесін өзгерту туралы статистика органдары мен реттегіштерден тағы бір жаңа хабар күтіп тұрған сияқты. Қалай дегенде де, бұл елде инвесторлардың, азаматтардың және рыноктың Америка экономикасының қайта қалпына келетіндігіне деген сенімдерінің жойылуына жол бермеу аса маңызды міндеттердің бірі болып отыр, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.