28.07.2015, 03:05

Доллар бағамының құлдырауы мүмкін бе?

sharij.net

Доллар бағамы былайғы әлем­дік валюталармен салыс­тыр­ған­­да ұзақ уақыттар бойына нығаю­­мен келді. 

Дегенмен, соңғы кез­дері АҚШ-та мәлім болған макроэкономикалық статистика қысқа мерзімді құлдыраудың орын алатынын айғақтап отыр­ғандай. Федералдық резерв қызметі (ФРҚ) өнеркәсіп өндірісі мен қуаттардың жүктелуіне қатысты қайта қаралған мәліметті ұсын­ғаннан кейін акциялардың, обли­га­ция­лар­дың табыстылығы мен доллар бағамы бірден құл­дырай бастаған.

АҚШ-тың өнеркәсібі соңғы жылдары бұрын болжанғанға қарағанда баяу қалпына келуде. Мәселен, өндіріс тек 2014 жылдың мамырында ғана дағда­рысқа дейінгі кезеңдегі көрсет­кішке қол жеткізе алды, ал ол Федералдық резерв қызметі бұған дейін хабарлаған мерзімнен 7 айға кеш. Өндірістің жалпы көлемі 2011 жылдан 2013 жылға дейінгі аралықта 2,5 пайыздан да төмен деңгейде өсіп, тек 2014 жылы ғана 4,5 пайызға көтерілген. Бірақ ол деңгей биылғы жылы қайта­дан құлдырап кетіп отыр. Металл құрыл­ғылар, машиналар мен компью­терлер, электро­ника өнді­рісі бұған дейін хабар­ланғанға қарағанда әлде­қайда баяу қарқынмен өсті, деп атап көрсетілген ФРҚ баяндамасында. Рынок үшін мүлдем күтпеген жағдай болып табылған мұндай мәліметтер қалпына келу қарқын ала түсуде деген үмітті мейлінше әлсірете түседі. Мәлім болған жағдайларға қарағанда, егер ФРҚ жағдайды жақсарту үшін қандай да бір жаңалық ойлап таппаса, рынок құлдырауының бұдан да күштірек болуы әбден мүмкін. Бұдан әрі не болады? Жағдайға қарағанда америкалықтарды макроэкономикалық көрсет­кіштерді есептеудің әдіс­темесін өзгерту туралы статистика органдары мен реттегіштерден тағы бір жаңа хабар күтіп тұрған сияқты. Қалай дегенде де, бұл елде инвесторлардың, азаматтардың және рыноктың Америка экономикасының қайта қалпына келетіндігіне деген сенімдерінің жойылуына жол бермеу аса маңызды міндеттердің бірі болып отыр, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. 

www.inform.kz