Алматыда Батыс Еуропа - Батыс Қытай көлік дәлізінің «Алматы - Қорғас» бөлігіндегі интеллектуалды көлік жүйесін ақылы ету бойынша қоғамдық тыңдау өтіп жатыр.
Жиын барысында мамандар жолда қашан ақылы режім енгізілетінін айтты.
«Біз үшінші тоқсанда қыркүйекте тестілік режімде жұмыс жасай бастаймыз. Алғашқы үш айда көліктер тіркелгенмен, ақы төленбейді. Желтоқсан немесе қаңтар айында ақылы режім енгізіледі», - деді «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Бауыржан Серікбаев.
Оның айтуынша, тариф мөлшерін Үкімет бекітеді. Шамамен 1 шақырым жол үшін 1 теңге төленеді.
«Бүгінде 1 шақырым жолды жүріп өту құны 1 теңге. Бұл тариф әлі өзгерген жоқ», - деді ол.
Ұлттық компанияның өкілі Ернар Төлегенов жол бойында екі төлеу пункті орналастырылатынын айтты. Екі пункт арасында камералармен жабдықталған 6 арка, 6 метеостанса орнатылады. Сонымен қатар, «Алматы-Қапшагай» жол учаскесінде де ақылы режім енгізілмек. Жол ақысын төлем пункттерінде, Qiwi терминалдарында, касса 24 жүйесінде, интернет арқылы (payway.kz); банк картасымен, жеке шот арқылы (заңды тұлғаларға) төлеуге болады. Егер тұлғалар жол ақысын төлемеген жағдайда 7 күн ішінде төлеу туралы хабарлама жіберіледі. Оған жауап болмаған жағдайда жеке тұлғаларға - 5 АЕК, заңды тұлғаларға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Ақылы жол бөлігін пайдаланғаны үшін ақы төлеуден қызмет бабындағы арнайы көліктер, ақылы жолға жақын ауылдарды байланыстыратын жолаушылар автобустары, белгіленген әкімшілік территориялыдық бірлікте тіркелген, осы ауданда тұратын жеке және заңды тұлғалардың көліктері босатылады.