08.08.2018, 17:05

Энергетика министрлігі дизель отыны бағасының өсу себебін түсіндірді

Бүгін ҚР энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов баспасөз конференциясы барысында автожанармай құю станцияларында дизель отыны бағасының өсуі қазақстандық шаруаларға ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге кедергі келтірмейтінін айтты деп жазады Премьер-министрдің ресми сайты.

ҚР Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, АЖҚС-тарда дизель отыны бағасының өсуі бірнеше факторға байланысты.

Энергетика вице-министрі Б. Ақшолақовтың мәлімдеуінше, дизельдік отынды тұтыну көлемінің артуының негізгі факторы — дизель отынын өндірудің жалпы көлемінің елеулі үлесін ауыл шаруашылығы және темір жол салаларын қамтамасыз етуге бағыттау болып табылады. Бұдан өзге, сұраныстың артуы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалдарының маусымдық ұлғаюымен және онымен байланысты ішкі нарықта және көршілес елдердің шекаралас аудандарында бағалардың айырмашылығына орай отын ағынымен байланысты. Оның айтуынша, осы жылдың 1 маусымынан бастап дизельдік отынға акциз мөлшерлемесі 7,7 тг/л өсті.

«Жалпы факторлардың қосындысында сұраныстың артуы, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған жеңілдікті отын көлемінің ұлғаюы және өндірудің өзіндік құнының өсуі дизель отынын өндіру құнының жоғарылауымен бірге (МӨЗ-де өңдеу тарифінің ұлғаюы) дизельдік отын бағасының маусымдық өсуіне ықпал етеді», — деді Б. Ақшолақов.

Сонымен қатар вице-министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (АШТӨ) мұнай өнімдерін ұстаушылар тарапынан берілетін едәуір жеңілдік туралы айтып берді.

«Айта кетейік, АШТӨ үшін дизель отынына деген арзандатылған бағаларды заңнамалық бекіту құзыреттілігі Энергетика министрлігінде ауыл шаруашылығы үшін қарастырылмаған. АШТӨ-ге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту басымдықпен іске асырылады. Сонымен қатар, жөнелтілген отынды бақылау және оған мониторинг жүргізу тәулік сайын орындалады. Энергетика министрлігі 2018 жылғы дала жұмыстарын тұрақты әрі уақытылы жүргізу үшін АШТӨ-ні жан-жақты қолдау шараларын қабылдап жатыр», — деді вице-министр.

Сонымен қатар, 2018 жылдың дала жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, «2018 жылдың дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды МӨЗ-ге бекіту кестелерін» әзірледі. Оның аясында АШТӨ-ге арналған жалпы өтінім толық көлемде қанағаттандырылды және 769,4 мың т көлемінде бекітілді. Осылайша, фермерлерге дизельдік отын көктемде егіс жұмыстарына және күзде астық жинауға жеткізіледі. Жыл басында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 375 мың тонна дизельдік отын бөлінді. Күзгі жұмыстарға 394,4 мың тонна болады.  

Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, жеткізу кестесі шілде–қазан аралығына белгіленген.