$ 494.87  520.65  4.91

"Қазтелекомға" айтқанды "Қазпошта" естімей ме?

Бүгінде қазақстандықтардың орташа жалақы мөлшері – 120 мың теңге шамасында. 30-40 мың теңгелік жалақыға күнелтіп, әлеуметтік тапшылыққа тап болып жүргендер жетіп-артылатын болса да Қазақстанда орташа жалақының көлемі әлгіндей. Осыдан кейін бұл қайдан шыққан дерек деп даурығатынымыз бар ғой. Даурығатын түк те жоқ. 30-40 мың емес, одан он есе, жүз емес, мың есе көп жалақы табатындар тұрғанда Қазақстан әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы елдердің қатарына ене бермек.

Бүгін Парламент қабырғасында депутат Светлана Жалмағамбетова біз айтып отырған жалақы тақырыбына қатысты мәселе қозғады. Еліміздің пошта қызметіне қатысты заң жобасын талқылау барысында Жалмағамбетова «Қазпошта» қызметкерлерінің жалақы жайын реттеу қажеттігін қатты айтты. Оның айтуынша, мекеменің қарапайым қызметкерлері мен басшыларының жалақыларының айырмашылығы жер мен көктей. Мәселен, Ақмола облысының Жарқайың ауданында 20 пошта операторы қызмет етеді. Ал, олардың барлығының ортақ айлық табысы небәрі 244 мың теңгені құрайды. Яғни, барлық 20 қызметкерге бес адамның толық жалақысы төленіп келеді.

Бұл бір облыстың бір ғана ауданындағы жағдай. Демек, өзге өңірлерден де мұндай деректерді көптеп кездестіруге болады деген сөз. Ал, депутат ханымның айтуынша, «Қазпошта» АҚ-ның басшылары 1-1,5 млн. теңге көлемінде жалақы алатындарын жария етті. Бұған көз жұма қарауға болмайтынын айтқан депутат Үкіметтің мәселені реттеуін сұрады.

Жалпы, мекеме басшыларының өздеріне жоғары жалақы жазып алатыны осыдан екі жыл бұрын Елбасының да назарына іліккен еді. «Қазтелеком» басшысының 365 мың доллар жалақы алатыны (пәленбай миллион сыйақыларын айтпағанның өзінде) анықталып, Президент тапсырмасы бойынша дереу орнынан алынған-ды. Президент Ақордада өткізген жиында тек «Қазтелеком» ғана емес, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және тағы басқа бірқатар мекемелердің басшы қызметкерлерінің «табанынан тозып жүріп» табатын жалақылары белгілі болған-ды. Сол жиында Мемлекет басшысы ел қазынасын қалтасына басқандарға қаражатты қайтаруды тапсырғаны есімізде.

Елбасының сол ескертуінен «Қазпоштаның» басшылары сабақ алған болса, Жалмағамбетова Парламентте бұлай мәселе көтеруші ма еді?! Қалай болса да Президент кезінде ескертуін ескертті, депутат ханым мәселе көтеруін көтерді... Ендігі кезекте «Қазпошта» басшыларының қалта байлығына қандай шара қолданылмақ? Артын бағайық.

«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары