$ 448.89  477.93  4.76

Ауылға инвестиция тартылуда

Соңғы кезде Ақ Жайық өңірінде де ауыл шаруашылығы саласына қаржы құюшылардың қатары көбейіп келе жатыр. Бұл бағытта Шыңғырлау ауданында игі іс көп. Инвесторлардың көмегімен шаруашылық құрылымдары құрылып, мал өсіру кешендері, мал сою пунктері салынуда.

Ақбұлақ ауылдық округіндегі «Ақтау» шаруа қожалығы отандық инвестордың көмегімен құрылған болатын. Соның нәтижесінде округтегі Ақ атан елді мекенінің төскейі мал толуда. Шаруа қожалығының басқарушысы Берік Матаевтың айтуынша, осыдан бес жыл бұрын Ақтау қаласында жұмыста жүрген кезде өзінің әріптесі, Маңғыстаудың жергілікті тұрғыны мал шаруашылығымен айналысқысы келетінін, сол себепті қожалық құруға ниетті болып жүргенін жеткізеді. Бұл өз кезегінде Шыңғырлау жанға да, малға да жайлы мекен екенін айтып, бірігіп жұмыс істеу туралы ұсынысын білдіреді. Артынан оны Ақбұлаққа ертіп келеді. Әріптесіне шырайлы мекен бірден ұнайды. Осылайша ақтаулық азаматтың мұрындық болуымен «Ақтау» шаруашылығы құрылды.

2015 жылы ашылған шаруашылықта бүгінгі таңда 200-дің үстінде ірі қара және осы шамалас қой, 30 шақты жылқы бар. Бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әлі де осыншама кісі қажет. Мұнда жұмысшылар үшін ішінде қажет жағдай жасалған жатақхана бар. Техникалар алып, мал қоралары тұрғызылуда.

- Мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржылар бізге айтарлықтай көмек болуда. Мәселен, былтыр біз 2 млн. теңгедей субсидия алдық. Бұл қызметкерлерімізге жатақхана салуға, техника алуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта асыл тұқымды малдар алып, олардың санын көбейтуді көздеп отырмыз. Мал сою бететін ашу да жоспарымызда бар. Күн мен желден қуат алу үшін жаңа технологияларды қолдануды да ойға алып қойдық. Соңғы екі-үш жыл бойы бақша салып, қарбыз, сәбіз, пияз ектік. Топырақ құнарлы болғасын, су келіп тұрғаннан соң жақсы өнім алдық. Егер бұл саланы жетік білетін маман мен жұмыс күші табылып жатса, бақша шаруашылығын дамытқымыз келеді,-дейді Берік Матаев.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары