Қазақстанның мемлекеттік қарызы бір жыл ішінде 21,9 пайызға артып, 14,8 триллион теңгеге жетті деп жазады Finprom.kz порталының сарапшылары.
Мемлекеттің қарызы негізгі қарыздан (14,2 трлн теңге), кепілдендірілген мемлекеттік қарыздан (523 млрд теңге) және мемлекеттің кепілдендірген ішкі қарызынан (37,8 млрд теңге) тұрады. Осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның мемлекеттік қарызы 12,4 трлн теңгені құраған болатын.
Мемлекеттік қарыздың өсуіне ҚР үкіметінің ішкі қарызы себеп болған деп мәлімдейді отандық экономистер. Бір жылдың ішінде бұл қарыздың үлесі 30,6 пайызға артып, 4,4 триллион теңгеден 5,8 триллион теңгеге жетіп отыр.
Ал, елдің сыртқы қарызы 4,7 пайызға немесе 210 миллиард теңгеге көбейген. Жалпы, соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы 4 есеге өсіп, 4-тен 14,8 триллион теңгеге жетті. Жалпы, жыл сайын еліміздің қарызы 28,8 пайызға артып отырады екен.