$ 498.51  522.84  4.81

Алматыда өндірілетін темір арқандар шетел нарығына сатыла бастады

Алматыда Есентай өзенін нығайту және жағалай габион тор орнату жұмысы 10 күнде аяқталады. Жағаны қалпына келтіруге жоғары технологиялық металл бұйымдарын өндіретін жапондық компанияның өнімі пайдаланылуда.

Айта кетейік, айрықша кәсіпорын тек Алматыда және Токиода жұмыс істейді. Ал өнімі бүкіл әлемде сұранысқа ие.

Алматы Индустриалды аймағында іске қосылған кәсіпорын ірі көпірлер құрылысында және сел тасқынына қарсы қолданылатын берік болат арқандарды өндіреді. Мұнда техникалық өлшемі жағынан заманауи жабдықтар орнатылған.

«Tokyo Rope Almaty» зауытының өнімдері ТМД елдері мен Парсы шығанағында, соның ішінде Сауд Арабиясының ірі жобаларында қолданылады. Ал алып шаһарда шығарылған өнім Есентай өзені жағалауының, Үлкен Алматы өзеніне дейінгі автожолдардың, Медеу - Шымбұлақ аспалы жолы мен «Мыңжылқы» бөгетінің беріктігін арттыру үшін пайдаланылуда.

«Еліміздегі зауыт 2016 жылы іске қосылды. Алғашында Алматыда ғимаратты жалға алып отырды. Кейіннен Индустриалды аймақта жер телімін алып, зауыт салды», – деді «Алматы Индустриалдық аймағы» ЖШС бөлімінің маманы Дана ҚАЛЫҚОВА.

Индустриалды аймақта барлық қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілген. Жаңа зауыт 4 гектар аумақта орналасқан. Өндіріс орнының көлемі 3500 шаршы метрді құрайды. Зауыттың қуаты жоғары – жылына 17 мың тоннадан астам болат өнімдерін шығарады. Мұнда қазіргі таңда 14 адам жұмыс істейді. Заманауи технология көп адам күшін қажет етпейді.

«Мынадай оралған сым әкелінеді. Ол толық тексеріліп, мына құралға қойылады. Кейіннен пернетақта арқылы қосамыз. Нәтижесінде, мынадай өрілген тор шығады. Бір габиондық тор жасау үшін бар болғаны, 1 минут уақыт жұмсалады», – деді цех операторы Ержан КІШІБАЕВ.

Компанияның Жапониядан басқа елдерде баламасы жоқ. Әлемге әйгілі ірі 20 көпірдің 12-сіне осы компанияның болат сымдары қолданылған. Зауыт ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, өнімді экспорттамақ. Жапондық сапамен шығарылатын қазақстандық өнім Орталық Азия елдерінен бастап, жер шарының түкпіріне тасымалданбақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары