$ 481.84  531.33  5.07

Берекелі қожалық

Кезінде Бөрлі ауданындағы «Березов» кеңшарының фермасы болған Қаракемер ел тәуелсізідігінің елең-алаң шағында жұртта қалғандай кейіпте болған еді. 1998 жылы осы жерде «Нұр» шаруашылығының құрылуы Қаракемердің өміріне екінші мәрте жолдама берді десек артық айтқандық емес.

Успен ауылдық округінде орналасқан қожалықта бүгінгі таңда ірі қарадан 700-ге жуық қазақтың ақбас сиыры, 230 симментал, 100 ангус тұқымдары болса, ұсақ малдан 200 бастай еділбай қойы бар. Сондай-ақ мұнда 100 шақты жылқы да өсіріледі. Оның оннан астамы орыстың ауыр жүк тартатын қылқыұйрығы. Бұл жылқы тұқымы қымызды мол береді екен. Сол себепті арнайы алдырған. Қымыздан бөлек, ешкі сүті де өндіріледі. Ал симментал сиырларынан тәулігіне 800-850 литрдей сүт сауылады. Қазір шаруашылықтағы сүт фермасына сүт залалсыздарғыш құрылғысын (пастеризатор) қою бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Қожалықтағы құс фермасы тауыққа толы. Хайсекс тұқымды тауықтардың саны алты мыңға жуықтап қалды. 1 мың бас қаз бен 1 мың үйрек айналадағы көлшіктерге сән беруде. Одан бөлек бұл жерден 500 күректауық пен қоянды да көруге.

«Нұрда» тек малға емес, өсімдік шаруашылығына да мән берілген. 2000 га жерге егін мен мал азықтық шөптер егіледі. Жылыжай шаруашылығы да қолға алынған.

Бұл агроқұрылымның өзгелерден ерекшелігі әрі үлгі болар тұсы өздерінің өндірістері бар. Қаракемерде, яғни далада өндірілген өнімдер Ақсай мен Орал қалаларында өңделіп, дайын өнімге айналады. Мәселен сүттен бірнеше сүт өнімдері дайындалса, бидай, жұмырқа, ет наубайхана мен кулинариялық цехтарға жолданады. Бүгінде мұнда 1 мыңдай азық-түлік өнім түрлері шығарылып, өздерінің сауда нүктелері арқылы тұтынушыларға жол тартуда.

Ал осы істің бәрін жүзеге асырып отырған әйел адам дегенге сену қиын. Бірақ шын мәнінде солай. Батысқазақстандықтарға кеңінен танымал кәсіпкер Светлана Мәутиева – ер мінезді жан.

- Қалада да, далада да біраз адам не ішіп, не жеп жатқандарына жете мән бермейтінін байқап жүрмін. Балаға да кез-келген тағам түрін алып бере салады. Айтсаң «саған қатысы қанша?» деп өзіңе тап береді. Ал лайықты өмір сапалы әрі қауіпсіз тамақ өнімдерін пайдаланумен өлшенбей ме?! Сондықтан күнделікті тұтынып жүрген тағамымыздың сапасы кім-кімді де ойландыруы тиіс. Өйткені, ол – сіз бен біздің денсаулығымыз ғой. Сол себепті біз шикізатынан бастап, дайын өнімге дейін өзіміз шығарамыз. Олардың табиғи әрі экологиялық тазалығына, сапасына кепіл береміз. Сөйтіп еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне аз да болса өз үлесіміз қосып жүрміз. Диқан, малшылардан бастап, азық-түлік түрлерін дайындайтын технологтар мен аспаздарға дейін осы жайттарды айтып «Құдайдан қорқып, әр істі адал ниетпен дұрыс жасаңыздар, сонда елдің алғысын аласыздар» деп жүремін, - дейді Светлана Бұрханқызы.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары