25.09.2018, 16:59

Бөкейорда ауданы 96 тонна ет экспорттады

Бөкей ордасында бір тұрғынға шаққанда 5 шартты мал басынан келіп тұр. Ол БҚО бойынша ең жоғарығы көрсеткіштің бірі болып табылады. Бұл туралы аталмыш ауданның әкімі Нұрлан Рақымжанов мәлімдеді.

Бүгінгі таңда аталмыш аудан шаруашылықтарының барлық санатында 68225 бас ірі қара, 116939 бас қой мен ешкі, 23694 жылқы, 1176 түйе бар. Жыл басынан экспортқа 96 тонна ірі қара малының еті шығарылды. Өндірілген өнімдердің жалпы көлемі 1 млрд. 716 млн. теңгені құрады. Ауданыда 509 шаруа қожалығы тіркелген. Олар қарқынды дамып, өз жұмыстарын тиімді атқаруда.

- Ұлт жоспарының 35-қадамын орындалу бағытында ауданда биылғы жартыжылдықта жаңадан 8 шаруа қожалық ашылып, оларға 6200 га жер телімі пайдалануға берілді. Ауданда 21 асыл тұқымды шаруашылық бар. Соның ішінде «Хан ордасы» ЖШС бактриан түйесін, 18 шаруа қожалығы қазақтың ақ бас сиырын, 2 шаруа қожалығы асыл тұқымды көшім және жабы жылқыларын өсіреді. Өткен жылы шаруа қожалықтарымыз 522 млн. 273 мың теңге субсидия алса, ағымдағы жылдың алты айында оларға 267 млн. 840 мың теңге көлемінде субсидия төленді. Қазіргі таңда ауданымызда мал азығын дайындау жұмыстары тиісті деңгейде жүріп жатыр. Мал санына байланысты 134 мың тонна шөп дайындалу керек болса, қазіргі уақытта оның незігі жиналды. Бұның сыртында былтырғы жылдан қалған 8 мың тонна мал азығының қоры бар.

Биыл 2 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал сатып алса, 3 шаруа қожалығы мал бордақылау алаңдарының құрылысын жүргізуде. Жыл өткен сайын мал шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Мәселен, былтыр шаруашылықтар лизингке 33 шөп шабатын агрегат, 33 трактор алған болса, ағымдағы жылы 4 агрегат, 6 тракторға қолжеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табады,-дейді Нұрлан Рақымжанов.

Ернар ХАЙДАР