Бүгіннен бастап Қазақстан Ұлттық Банкі «Монетадағы портреттер» сериясы бойынша 500 және 50 теңгелік «Абай» естелік монетасын айналымға шығарды. 500 теңгелік монеталар «proof» сападағы алтын мен күмістен жасалса, 50 теңгелік монеталар нейзильбер балқымасынан құйылған.
Алтыннан жасалған 500 теңгелік монеталардың саны — 1000 дана, күмістен жасалған 500 теңгелік монеталар 3000 дана, ал нейзильбер балқымасынан құйылған 50 теңгелік монеталардың жалпы саны 100 мың дананы құрайды.
Барлық монеталар көрсетілген өзіндік құны бойынша ел аумағында қолданылатын төлем қабілеттеріне ие. Ал, «proof» сапасындағы монеталар арнайы коллекциялық құны бойынша кәдесый қорабымен сатылады. Монеталарды Ұлттық банк бөлімшелерінен немесе банк сайтынан сатып алуға болады.