Күні кешеге дейін бұл жігітті көп адам танымайтын. Тіпті оның қайда, қай салада жұмыс істейтінінен де жұрт хабарсыз еді. Оның танымалдығы қатерлі ісік ауруына шалдыққандар үшін қайырымдылық жасап, қомақты қаражат аударғаннан кейін арта түсті.
Ол – Асхат Мырзабаев. Небәрі 21 жасында Сан-Франциско қаласының (АҚШ) «Силиконды алқап» деп аталатын аумағындағы «Твиттер» компаниясына жұмысқа орналасқан алғашқы қазақстандық. Өзі жас, бірақ соған қарамастан жұмыс кестесі өте тығыз Асхат Мырзабаев «Замана» газетінің тілшісіне арнайы сұхбат берді.
– Асхат, ең алдымен туып-өскен ортаң, отбасың жайлы айтсаң...
– Мен Атырау қаласының тумасымын. Отбасымызда анам мен ағам бар. Яғни мен үйдің кенжесімін. Мектепте оқып жүрген кезімде химия пәнінен олимпиадаларға қатысып, кішігірім жетістіктерге қол жеткізіп жүретінмін. Содан 2008-жылы Алматыдағы С.Демирель атындағы университетке инженер-бағдарламашы мамандығы бойынша оқуға түстім де, арада біраз уақыт өткен соң мамандық таңдауда қателескенімді ұқтым. Сөйтіп «Ютуб» желісі арқылы шетелдік профессорлардың ақпараттық технология жөнінде жасаған лекцияларын тыңдап, осы салаға ден қоямын деп шештім. Сөйтіп университеттің 3-ші курсында оқып жүргенде АҚШ-қа кеттім. Бұл менің анам мен бауырымнан ажырап, алғаш рет жыраққа кетуім еді. Бастапқыда қатты қиналдым. Ағылшын тілін қанша жерден жетік білемін дегеніммен ол жақта қиындықтарға тап болдым. Сіңісіп кету үшін тәулігіне 14-15 сағат жұмыс істеуіме, білімімді шыңдауыма тура келді.
Осы ретте мен анама алғыс айтсам деп едім. Ол кісі менің мамандықты дұрыс таңдауыма барынша жағдай жасады. Барлық жағдайда менің шешімдерімді қолдап отырды.
– Ал «Твиттерге» қалай бардың?
– Мен бағдарламалаудың бір тілін үйрене бастадым, нәтижесінде осы бағдарламалау тілін «Твиттер» қолданған тілге аудару мүмкіндігін таптым. Өзімнің тапқан тәсілімді ашық түрде интернетке салдым да, оларға менің амалымды «Андроид» и «ІOS» смартфон бағдарламалары үшін қолданған жағдайда қажетті нәтижеге екі есе жылдамырақ қол жеткізуге болатынын айтып хат жаздым. Олар алғашында менің ұсынысыма сенген жоқ. Ал 2011-жылы олар маған тәжірибеден өтуді ұсынды. Осылай үшінші курста оқып жүргенімде «Силиконды алқапқа» жолым түсті.
– Онда нақты немен айналыстың?
– Мен жұмыс жасаған бөлім «Машиналарды машықтандыру, іздеу және релеванттылық бөлімі» деп аталды. Онда барша «Твиттерде» жұмыс істейтін 400-ге жуық қызметкердің 50-60-ы жұмыс жасады. «Твиттердегі» іздеу жүйесін жетілдіру сынды шешімдер мен басқа да трендтерге біздің команда жауапты болды.
Мен жеке өзім іздеуді жетілдірумен және ұсыныс жасау жүйесімен айналыстым. Бұл жүйе қолданушыларға кей адамдардың қызықты жазбаларын оқуды автоматты түрде ұсынады. Әдеттегі қолданушы үшін мұның барлығы қарапайым нәрсе болып көрінгенімен өте қиын еңбекпен келеді. «Твиттер» жұмысын жетілдіру жолында біз бұған дейін қолданылмаған шешімдерді пайдаландық.
-- Бірақ ол жерде көп жұмыс істемепсің ғой? Не себепті мұндай мүмкіндіктен бас тарттың?
-- Иә, ол рас. Мен 2013-жылы өз еркіммен жұмыстан босадым. Оған менің университетті тәмамдауым себеп болды. Сапалы дипломдық жұмыс жазып, тың идеяларды жүзеге асыруға бел будым.
-- Нәтижесінде сенің дипломдық жұмысыңды «Майкрософт» компаниясы аттай қалап, сатып алды ғой.
-- Иә. «Твиттер» компаниясында менің бір кураторым болды. Ол менің Стенфорд университетінің профессорларымен танысуыма жағдай жасады. Сөйтіп мен Стенфорд және Беркли университеттерінің бірнеше профессорларымен танысып, тәжірибеден өттім. Олардың арасында Нобель сыйлығының математика саласындағы баламасы Филдс жүлдесінің иегері Ефим Зельман деген кісі де бар еді. Қысқасы, сол кісілермен бірге математикалық формулалар арқылы, мәселен, ұялы телефонмен түсірген қарапайым суреттердің 3D үлгісін жасайтын алгоритм ойлап таптық. Менің бұл жаңалығыма «Майкрософт» қызығушылық танытқанын естідім. Сөйтіп сатуға келісімімді бердім. Бұл шешіміме еш өкінбеймін. Мен ойлап тапқан кішкентай ғана алгоритмді бүгінде әлемнің миллиондаған адамдары өз игілігіне пайдаланып жатыр. Сол үшін де қуанамын.
-- Асхат, ол туралы айту қиын шығар, бірақ денсаулығыңа байланысты қиындықтар болыпты. Науқас жандарға қаржылай көмек көрсетуге осы түрткі болды ма?
– Университетте оқып жүргенімде маған «рак» деген диагноз қойды. Бұл мен үшін өте ауыр соққы болды, тіпті ол туралы айтқым да келмейді... Меніңше, әлемдік деңгейдегі проблемалардың бірі – қатерлі ісік ауруы. Оның себебі мен салдарын, одан құтылудың жолдарын іздестіру үшін ғылыми жұмыспен айналыссам ба деп ойлаған кездерім де болды. Сондықтан да «Барклайс» банктер тобында жарты жыл жұмыс істеп тапқан екі миллион долларымды халықаралық қорға аударамын деп шештім. Бұл шешіміме мүлдем өкінбеймін. Себебі миллионды бір рет тапқан адам екінші рет те таба алады. Ақша, дүние деген – қолдың кірі. Адам одан да үлкен мақсаттарды алдына қоя білуі керек.
-- Бүгінде «Хайпо» деп аталатын жүйенің құрылтайшысы екенсің. Осы туралы айтып берші, ол не, қызметі қандай?
-- Бұл бизнес жасаудың бір түрі. Яғни клиенттерге сапалы әрі пайдалы өнімдерді ұсына отырып, ақша істеуге болатын жүйе. Бұл жүйені Мүслім Жолдасбаев, Аслан Қоқаев, Шүкір Айтбаев секілді достарыммен бірге ойлап таптық.
«Хайпо» – ең алдымен жұмысқа қабілетті, карьералық өсу мүмкіндігі өте көп, яғни білімді адамдарға жұмыс табуға, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған жер. Шынын айту керек, Қазақстанда адам капиталдарын қаржыландыратын компания өте аз. Сондықтан да 25-35 жас аралығындағы жұмысқа өте қабілетті мамандардың жолы болмай, өмірден өз орнын таба алмай, биік шыңдарды бағындыра алмай жүр. Оларға қолдау жетіспейді. Міне, біз осындай адамдардың ашылуына, өзіне қажетті қызмет түрін таңдауына жағдай жасаймыз. «Хайпоны»болашақта әлемдік масштабтағы компаниялардың біріне айналдыруға күш саламыз.
-- Әңгімеңе рахмет, ісіңе сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан -- С. ИКРАМҚЫЗЫ.