$ 498.51  522.84  4.81

«Бес әлеуметтік бастама» – жастарға жасалған қамқорлық

Биыл көктемде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Бес әлеуметтік бастаманы» көпшілік алдында таныстырып, үкіметке ондағы міндеттерді жүзеге асыруды тапсырған болатын. Жоба артынша қызу талқыға түсіп, қоғамда кең қолдау тапты. Өйткені, аталған құжатта көрсетілген әрбір бастама қазіргі қазақстандықтардың баршасының өміріне тікелей немесе жанама болса да қатысты.

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасына» бәрінен де жастар қуанды. Құжатта жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, студенттерге жатақханалар салып беру сынды өзекті мәселелер көтерілген болатын. Дәл қазіргі таңда елімізде тұрғын үй мәселесі расымен де үлкен проблемаға айналғанын ескерсек, жастардың қаншалықты қуанышты екенін түсінуге болады.

Жастарды баспанамен қамту деп отырғанымыз – «7-20-25» бағдарламасы. Бұл әсіресе енді ғана отбасын құрып, пәтер жалдап жүрген жастарға таптырмайтын мүмкіндік болды. Өйткені, 1-2 бөлмелі пәтер құнының тек 20 пайызын ғана жинап, қалғанын төмен пайыздық (7%) несиемен алуға көп адамның жайғдайы бар. Пайызы төмен болған соң ай сайын төлейтін ақысы да аса көп болмайды. Несиені қайтару уақыты 15-25 жыл аралығында. Тағы бір тиімді жері, клиент пәтерді өзі таңдай алады. Бұрынғы бағдарламаларда баспананы таңдау құқығы болмайтын.

Ал, егер бұл бағдарлама болмаса ипотеканы екінші деңгейлік банктерден 20 пайызбен алуға тура келеді. Мұны біріншіден, қазақстандық жастардың қалтасы көтермейді, екіншіден, артық төлем екі еседен де асып кетеді.

Жастар баспана үшін қуанса, аға буын жастар үшін қуанышты. Өйткені, еліміздегі жас отбасылардың үштен бірі некеге үш жыл толмай жатып ажырасып кетеді екен. Социолог мамандар мұның негізгі себептерін атап отыр, атап айитсақ, қаржы мәселесі, яғни өз баспанасының болмауы. Өз үйі болмағаннан кейін табыстың да қадірі болмайды. Айлап еңбектеніп тапқан ақшаларын біреудің пәтері үшін төлейді де, өзіне үй алуға ақша жинай алмайды. Осындай қиындыққа шыдамаған жас отбасылар көп ұзамай ажырасып кетеді екен. Енді «7-20-25» бағдарламасы сәтті іске асса Қазақстандағы демографиялық ахуал да біршама реттеледі деген сөз. Аға буын осы үшін қуанышты.

Сондай-ақ, «Бес әлеуметтік бастаманың» студент жастар үшін де пайдасы орасан болғалы тұр. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы аталған құжатта «жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту қажет» деп атап көрсеткен.

Жыл сайын еліміз бойынша бөлінетін 54 мың грантқа қосымша келесі 2018-2019 оқу жылында тағы да 20 мың грант қосылды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға бөлінді. Бұл Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік бермекші. Бірінші кезекте ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары даярланады. Бес бастаманың бірі арқылы студенттердің білім алуымен қатар, алаңсыз жатақханада тұруына да жағдай жасау. Қазір жоғары оқу орындарының студенттері мен колледждердің оқушыларын жатақханамен қамтамасыз ету еліміз бойынша өзекті мәселеге айналып отыр.

Қарап тұрсаңыз, біз студент жастарға жатақхана мәселесін шешіп бере алмай отырып, олардан жоғары білім мен тәжірибе, іскерлік, үлгерім талап етеміз. Жатақхана болмаған соң студенттің пәтер жалдап тұрып немесе туыстарының үйін жағалайтынын жақсы білеміз. Мұндай жастар үшін сабақтан бұрын басындағы шатыр мәселесі бірінші орында тұрады. Яғни, үлгерімі де аса мәз болмайды деген сөз. Кейін білім саласы неліктен нашарлап кетті деп тағы бас қатырамыз.

Ал, «Бес әлеуметтік бастамада» осы жайт көрсетілген. Яғни, жақын уақытта Қазақстан студенттерінің басты проблемасы – жатақхана тапшылығы жойлатын болады. Студенттер ең көп шоғырланған Алматы қаласының өзінде алдағы үш жылда 37 жатақхана салынады деп жоспарланған. Қазір жетеуінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін олардың төртеуі пайдалануға беріледі. Соымен қатар, Шымкент пен Астана қалаларында және Түркістан мен Алматы облыстарында да бірнеше жатақхана ғимараты бой көтереді.

Өмір бір орында тұрмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар бүгінде жоқ. Жас мемлекетіміздің ол кезде мұндай мәселелерді қолға алуға қауқары жетпеген. Қазір жастардың сапалы білім алуы, мамандығына сай жұмыс жасауы үшін барлық жағдай туғызылуда. Ең бастысы елге қажет мамандықты таңдай білсе болғаны. Енді оларды баспанамен, жатақханамен қамту мәселесі қолға алынуда. Елбасының тапсырмасына сай 2022 жылдың соңына дейін жатақханаға қажеттілік біржола шешімін табады деген үміттеміз. Ал, мұның өзі олардың жоғары және орта арнаулы білім алуға деген ынтасы мен құлшынысын арттырып, білікті мамандар қатарын толықтырады.

Салтанат Нұртай

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары