Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін де, тәуелсіздік жылдары да шикізат өндіруші және экспорттаушы ел ретінде ғана танылып келді. Елімізде брендтік өнімді былай қойғанда қарапайым сіріңке де өндірілмейтін. Өйткені, КСРО құлағаннан кейін елдегі кәсіпорындардың барлығына жуығы жұмысын тоқтатып, білікті мамандар шетелге немесе өзге салаларға кетіп жатты.
Алайда, соңғы онжылдықта Қазақстан үкіметі жүргізген Үдемелі индустриаландыру инновациялық даму бағдарламасы елдегі жағдайды күрт өзгертті. Республика аумағында жүздеген үлкенді-кішілі кәсіпорын ашылып, дайын өнім өндіру саласы дами бастады. Бүгінде азық-түлік пен жеңіл өнеркәсіпті айтпағанда Қазақстан кәсіпкерлері құрылыс материалдарын, текстиль өнімдерін, ауылшаруашылық бұйымдарын және ең бастысы автокөліктер шығара бастады.
Айта кету керек, мемлекеттің даму индекстерінің бірі дәл осы өндіріс саласына байланысты, оның ішінде автомобиль жасау бағытындағы жетістіктерге ерекше мән беріледі. Ал, Қазақстанда соңғы бірнеше жылдан бері жеңіл автокөліктерден бастап жолаушылар автобусы және әскери автотехникалар өндірілуде.
Дәл осы индустриаландыру жылдарында Қазақстанда үкіметтің қолдауымен 100-ден астам ірі жоба жүзеге асырылыпты. Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Айта кетейік, бүгін Астанада VI Қазақстан машина жасаушылары форумы басталып жатыр. Осы шара аясында ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында сала мамандары журналистермен кездесіп, машина жасау саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтып берді.
Роман Склярдың айтуынша, машина жасау деңгейі жалпы ұлттық өнеркәсіптің технологиялық дамуының көрсеткіші саналады.
«Өздеріңіз білетіндей, машина жасау – ең күрделі әрі сараланған салалардың бірі. Сондықтан да болар, машина жасау саласы мемлекеттік реттеу шараларына аса бағынышты келеді. Бәсекелестіктің жоғарғы деңгейіне қарамастан, машина жасау – мемлекет тарапынан елеулі қолдау шаралары ұсынылып жатқан, болашағы зор салалардың бірі», – деді бірінші вице-министр.
Айта кетейік, машина жасау саласы индустриалды инновациялық даму бағдарламасының ең басым бағыты. Әсіресе, бағдарламаның алғашқы бесжылдығында Қазақстандағы ірі екі зауыт өнім шығаруда үлкен серпіліс жасады. Саладағы өндіріс көлемі 2010 жылғы 376 млрд теңгеден 2014 жылы 870 млрд теңгеге дейін, яғни 2,3 есе өсті. Өңдеу өнеркәсібі көлеміндегі отандық машина жасау үлесі 9,7%-дан 14,8%-ға дейін өсті.
«Бұрын соңды Қазақстанда өндіріс мұндай деңгейге көтерілмеген. Мұның бәрі индустриалды инновациялық даму бағдарламасының нәтижесі. Яғни, үкіметтің қолдауы арқасында Қазақстан тарихында алғаш рет жеңіл автокөлік өндіре бастады. Жалпы, осы индустриаландыру жылдарында елімізде машина жасау саласында 100-ден аса жоба жүзеге асырылды», - деп атап өтті Роман Скляр.
ҚР ИДМ деректері бойынша, 2018 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша машина жасау өндірісінің көлемі 638,1 млрд теңгеден асты, өндіріс өсімі — 13,8% құрады. Машина жасау салалары арасында өсімнің ең үлкен динамикасын автомобиль жасау секторы көрсетеді. Осы жылдың 8 айы ішінде 117,7 млрд теңгеге 19 мыңнан астам автомобиль шығарылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артық.
Р. Склярдың айтуынша, саланы мемлекеттік реттеу механизмдері Қазақстан дербес мемлекет болып қалыптаса бастаған кезден бастап құлдилады және бұл процесс саланың жай-күйіне ғана емес, елдегі және әлемдегі экономикаға байланысты болды. Мемлекеттік қолдаудың баламалы шараларын әзірлеу мақсатында Кәсіпкерлік, салық және Кедендік кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Машина жасауды ынталандыру мақсатында мемлекет кәсіпорындарды да, тұтынушыларды да жеңілдікпен несиелендірумен қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, «Бәйтерек» ҰБХ арқылы көптеген қызмет түрлері ұсынылады, оның ішінде өндірістерді құру немесе жаңғырту бойынша жобаларды қаржыландыру және банк займдарының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бар.
«Осыған байланысты мысал ретінде жеңілдікпен автонесие беру және лизингтік қаржыландыру бағдарламасын атап өткен жөн, оның арқасында экономикалық құлдырау кезеңінде қазақстандық өнімге деген сұранысты ынталандырып, отандық автоқұрастыру кәсіпорындарын қолдау мүмкін болды», — деді Р. Скляр.
Сонымен қатар, «Қазақинвест» арқылы экспортты қолдау сияқты жалпы қолдау шаралары, сондай-ақ «Бәйтерек» желісі бойынша индустриялық жобаларды дамытуды ынталандыратын басқа да шаралар қолға алынған.
Р. Скляр машина жасау саласын одан әрі дамыту мақсатында биыл Инвестициялар және даму министрлігі ҚР Машина жасаушылар одағымен бірлесіп 2019-2030 жж. арналған Машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының жобасын әзірлегенін айтты, оны VI Қазақстан машина жасаушылар форумының аясында мемлекеттік органдар, даму және бизнес институттарының өкілдері талқылайтын болады.
Сөз соңында ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р. Скляр аталған дамып келе жатқан саланы дамыту мақсатында мемлекеттік реттеудің қажеттілігін және бизнес үшін қолдау құралдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету саясатын жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Аталған брифингке қатысқан «Қазақстан машина жасаушылары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев аталған салаға Индустрия 4.0 элементтерін енгізу туралы сөз қозғады.
«Төртінші өнеркәсіптік революцияның дамуын әрбір қазақстандық сезіне алады. Бүгінде осыған дейін таңғажайып ретінде саналған идеялар шындыққа айналуда. Бұл – автопилоттар, комбайнерсіз астық жинайтын пилотсыз комбайндар, ақылды үйлер, жасанды зерде», — деді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, төртінші өнеркәсіптік революцияның кезекті белгілері — роботтандыру, автоматтандыру, цифрландыру, заттар интернеті, жаңа композитті материалдар жасау. Машина жасау саласы трендте болуы тиіс.
«Әсіресе төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында экономиканың, соның ішінде, машина жасау саласының, бәсекеге қабілетті өнімді шығарудың, еңбек өнімділігін арттыру мен жаңа аддитивті технологияларды енгізудің технологиялық жаңғыруы біз үшін өте маңызды. Осы мәселелердің барлығы Машина жасаушылар форумында кеңінен талқыланбақ», — деді М. Пішембаев.
Айта кетейік, Форум жұмысына АҚШ, Германия, Италия, Ресей, Түркия, ҚХР және т.б. секілді әлемнің 20 елінен 1000-нан астам делегат қатысады деп күтілуде. Форумның басты ерекшеліктерінің бірі — оның аясында Қазақстанның машина жасау саласын дамытудың 2019–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы таныстырылады, ол орта мерзімді кезеңде саланы дамытудың стратегиялық жоспары болады.
Қазақстанда бүгінгі таңда жеңіл автокөлік өндірісімен айналысатын ірі екі зауыт бар. Оның бірі Өскеменде, екіншісі Қостанай қаласында орналасқан. Аталған өнеркәсіп орындарында Hyundai, Kia, Renault, Peugeot, Skoda, Chevrolet сынды әлемге танымал автомобиль брендері құрастырылады. Қазақстан азаматтарының ол автокөліктерді жеңілдетілген несие арқылы төменгі пайызбен 7 жылға дейінгі мерзіммен алу мүмкіндігі бар.