26.09.2018, 11:34

KIOGE 2018: Көрмеге 20 елден 250 компания қатысып жатыр

Бүгін Алматыда Орталық Азиядағы мұнай және газ саласына арналған KIOGE 2018 көрмесі жұмысын бастады. «Атакент» көрме орталығына жиналған жұрт әлемдегі мұнай газ саласының озық технологиялары мен инновацияларды көруге асық. Өйткені ширек ғасырдан бері өткізіліп келе жатқан KIOGE 2018 көрмесі осы саладағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаң болып табылады.

– 20 елден 250 компания келіп қатысып жатыр. Соның ішінде Ресей, Канада, Германия бар. Енді бұл мұнайшылар үшін өте үлкен көрме. Мына жерге мұнай саласында істеп жатқан компания өкілдері келіп, бір-бірімен танысып, технологиямен танысады, - деді ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов.

Биыл KIOGE көрмесі В2В форматында өтіп жатыр. Яғни белгілі бір компания өнімі қызықтыратын болса, олардың өкілімен тікелей сөйлесіп, алғашқы іскерлік байланыстарды орнатуға болады. Бұл мүмкіндікті Германия тарапынан келген делегация жоғары бағалады.

Шарада  белсенділік танытқан  Алматыдағы Германияның бас консулы  Йорн Розенберг келесі жылы KIOGE көрмесіне келетін неміс фирмаларының қатарын көбейтететінін  айтты. Оның айтуынша, биылдың өзінде KIOGE 2018 көрмесіне Германиядан көрмеге 16 компания қатысып отыр.

Айта кетейік,  көрме жұмысы үш күнге жалғасады. Мұнай газ саласында әріптестік орнатып, байланысты тереңдете түсу үшін қонақтар KIOGE 2018 көрмесінің аясында өтетін үлкен конференцияға қатысып, салалық сауалдарды мемлекеттік деңгейде талқылауға мүмкіндік алады.

Қонақтардың қатарында ТМД мен Еуропа аумағындағы тұрақты әріптестерімізден бөлек, Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға үмітті әлемнің ірі кәсіпорындары мен компаниялары бар. Бір ғана Германиядан көрмеге 16 компания қатысып отыр.