15.10.2018, 16:32

БҚО-да ет экспорты 95,8 пайызға орындалды

Елімізде басымдық берліген бағыттардың бірі – ет экспорты. Елбасы Жолдауларында ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде етті сыртқы нарықтарға шығаруды 2,5 есеге ұлғайту міндеті қойылғаны белгілі. Бұл міндетті батысқазақстандық шаруалар да жете сезініп, оны орындауға үлестерін қосуда.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, биыл батысқазақстандық тауар өндірушілер сыртқа 2 мың тонна ет шығаруды жоспарлаған. Бүгінде ол 1915 тоннаға жетіп, жоспар 95,8 пайызға орындалды. Ал қой етін сыртқа шығару көлемі 180 тонна болса, қазіргі уақытта 494 тонна ет сыртқа шығарылып, межені 3 есеге жуық артығымен орындауға қол жеткізілген.

- Өңіріміздегі Ресеймен шектесетін кейбір ауыл-аудандарға қарағанда шекарадан алшақтау жатқан аудандардың ет экспорттауға деген құлшынысы ерен. Осы тұрғыдан келгенде биылғы тамыз айынан бергі уақытта мемлекеттік шекара сызығынан алшақтау жатқан үш аудан шаруаларының ет экспорттауға деген ұмтылысы қарқынды. Мәселен, Қаратөбе ауданындағы «Сатыбалды» шаруа қожалығы Ресейдің Самара қаласына 10 тонна ірі қараның етін шығарып үлгерді. Жаңақала ауданындағы «Бірлік» мал зауыты» ЖШС көршілес ресейліктерге 15 тонна, Ақжайық ауданындағы «Батыс Нық» мал сою пуктін жалға алып отырған «Batys Meat» ЖШС 19 тонна ет өткізді. Тек осы үш ауданның ет экспортына қосқан үлесі 44 тоннаны құрап отыр,-дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасынан басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов.

Ет экспортының көлемін ұлғайтып, бәсекеге қабілетті ету мақсатында батысқазақстандық шаруалар да шетелден ірі қара малдарын әкелуде. 2011-2017 жылдар аралығында облысқа бес мың бастан астам зеңгі баба тұқымы жеткізілді. Олардың арасында герефорд, қазақтың ақ бас сиыры сынды тұқымдар бар.

Ернар ХАЙДАР