Батыс Қазақстан облысындағы егінді аудан – Зеленовта биыл 230 мың гектар алқапқа егін егілді. Оның 41 мың гектары күздік, 147 мың гектары жаздық бидай болса, 26 мың гектары майлы дақыл. Қалғаны мал азығы дақылдары алып жатыр. Қазір күнбағысты ору жұмыстары жүруде.
БҚО әкімі Алтай Көлгінов таяуда осы ауданда болып, диқандармен кездесті. Шаруалардың сөзіне қарағанда, биыл күнбағыстың шығымы жақсы. Былтыр гектарынан 8 центнерден өнім берген алса, биыл 10 центнерді құрап отыр. Өнім негізінен «Теректі май» зауытына тапсырылуда.
- Меншігіміздегі 10 мың гектар жердің 1000 гектарына күздік, 3000 гектарына жаздық бидай, 2100 гектарына күнбағыс еккен едік. Жаздық бидайдан гектарына 7 центнер өнім алдық. Күнбағыстың 1,6 мың гектарынан алынған өнімді қабаға құйып, қалған 500 гектарды жинау үстіндеміз. Ал бидайды ауданымыздағы «Аққайнар» ЖШС-на тапсырдық. Күнбағыс өнімін «Теректі май» комбинаты мен Ақтөбе қаласының шаруалары сатып алу туралы ұсынысын жасады. Жалпы мемлекет шаруаларды жақсы қолдап отырғандығын айтқым келеді. Үкімет тарапынан берілетін демеуқаржыларға қол жеткіздік. Бұл біз үшін үлкен көмек болуда. Яғни осынау қолдаудың арқасында шаруашылықтың машина-тракторлық паркі біраз жаңарып қалды. Олардың 20-сы заманауи трактор, 17-сі комбайн. Серіктестікте техника жөндеу базасы бар,-дейді «Асан Ауыл» ЖШС-ның директоры Бейбіт Асанов.
Осы жерде аудан диқандарымен кездескен облыс басшысы Елбасы биылғы Жолдауында да агроөнеркәсіп кешеніне жете мән бергенін айтты. Ауыл шаруашылығы саласына қосымша 300 миллиард теңге бөлінетіндігі соның айқын дәлелі. Зеленов ауданының топырағы құнарлы. Сол себепті егін шаруашылығын дамытуды назардан тыс қалдырмау керек. Соңғы кезде күздік дақылдар жақсы өнім беріп жүр. Соған байланысты күздік егетін алқаптар көлемін ұлғайтқан жөн.
Егін егуді ғана емес, мал азығын дайындауды да жақсы жолға қойған «Асан Ауыл» ЖШС-ның базасына бас сұққан облыс әкімі шөп сақтаудың технологиясын көріп, күнбағыс және басқа да өнім сақтайтын шағын элеватордың жұмысымен танысып, шаруашылықтың, жалпы аудандағы ауыл шаруашылығы саласының жұмысына оң бағасын берді.
Ернар ХАЙДАР