29.10.2018, 07:45

Ауыл шарушылығы жәрменкесіне сұраныс көп

Биылғы он ай ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 144 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, онда 437,6 млн. теңгенің өнімдері сатылды.

Бұл туралы БҚО ауыл шаруашлығы басқармасының басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жәрменкеге халықтың сұранысы жоғары. «Қызылсыраған» шаһар жұрты бағасы нарықтағыдан арзандау сиыр, қой және құс етіне қарық болуда. Бау-бақша өнімдерімен қатар, араның табиғи балының түрлері, сәндік, жеміс ағаштары мен аула гүлдерінің көшеттерге дейін сатылады. Жалпы алғанда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі облыстың барлық аудан-ауылында жүйелі түрде өтуде. Әсіресе облыс орталығындағы сауда-саттық шарасында келушілердің қатары көп.

- Жыл басынан бері Оралда 20 рет ауыл шаруашылығы жәрменкесі өтті. Онда барлығы 27 сиырдың, 7 жылқының, 11 қойдың еті сатылды. Сондай-ақ, 34 тонна картоп, 16 тонна пияз, 17 тонна қырыққабат, 11 тонна сәбіз, 4 тонна қарбыз, 3,5 тонна қауын, 18500 дана жұмыртқа тұтынушысын тапты, - деді Орал қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкері Айсұлу Жаркеева.

Айта кетейік, 27 қазанда Оралдағы М. Ықсанов атындағы көшесінде өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Ақжайық, Қаратөбе, Зеленов және Теректі аудандарынан, Орал қаласы маңындағы шаруашылықтардың тауарөндірушілері, қайта өңдеу кәсіпорындары және ірі көтерме тауар жеткізушілері қатысты. Зеленов ауданының Макаров аулынан келген «Дүйсенов» шаруа қожалығының өкілі Ағабек Ержанның айтуынша, жәрмеңкеге, 15 тонна картоп әкеліп, тезарада өткізген. Ал «Мұхамбетқалиева» жеке кәсіпкерлігі қалалықтар бал татыған балық сорпасын ішсін деп сазан, шортан, көксерке және өзге де балық түрлерін молынан әкеліпті. Орал құс фабрикасының тауық жұмыртқасы бір сағатқа жетпей бітіп қалды.

Қала тұрғындарының сұранысына байланысты мұндай жәрмеңке қараша айында да жалғасын табады. Мысалға, 3 қарашада Жаңақала, Сырым, Тасқала, Зеленов, Теректі, 10 қарашада Аұжайық, Бөрлі, Қазталов, Шыңғырлау, Зеленов,Теректі, 17 қарашада Бөкей ордасы, Жәнібек, Зеленов, Қаратөбе, Теректі аудандарының, жалпы барлық жәрмеңкелерге Орал қалсы маңындағы шаруашылықтардың тауар өндірушілері қатысады деп жоспарланған.

Ернар ХАЙДАР