19.10.2018, 06:23

Францияның ірі машина жасау компаниясы Алматы экономикасына инвестиция құюға ниетті

Францияның «Альстом» машина жасау компаниясы екі жобаны Алматыда жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Брюссельде өткен қазақстандық-еуропалық бизнес-форум барысында сөйлеген сөзінде Басқарма мүшесі Филипп Делер мәлім етті.

«Біз барлығымыз бірігіп күш жұмылдыруға болатын екі жоба бар. Оның біріншісі - теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға көмектесу. Қазіргі таңда барлық өнеркәсіптер үшін жақсы теміржол инфрақұрылымы қажет», - деді Филипп Делер.

«Альстом» компаниясы теміржол саласына цифрлық мәліметтерді беру жұмыстарына инвестиция салуға дайын. Өз кезегінде бұл шара теміржол саласының қауіпсіздігі мен сенімділігін нығайта түседі. Жоба «Алматы-1» теміржол вокзалын қоса алғанда Қазақстанның басты 5 теміржол станцияларында мәліметтерді беру жүйесін жаңартудан басталады.

Екінші жоба Алматыдағы жеңілрельсті көлікпен байланысты дейді спикер. Оның сөзінше, бірнеше шетелдік серіктестерден тұратын консорциум жекелеген өлшемдер келісілген жағдайда мемлекеттік-жекшелік серіктестігі аясында бірлесіп қимылдауға дайын.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Брюссель қаласына «Азия-Еуропа» Форумының (АСЕМ) 12-ші саммитіне қатысу үшін келген болатын. Бүгін Бельгиядағы Корольдік сарайында Қазақстан Президенті Бельгия Королі Филиппен кездесті. Сонымен қатар, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Брюссель қаласында Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесті.