Жоспар бойынша биыл Алматыда жыл соңына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында 7 жоба жүзеге асуы тиіс болатын. Қалалық мәслихаттың отырысы барысында жергілікті депутаттар олардың қатарына тағы 8 жоба қосу керек деген шешім қабылдады. Яғни, Жаңа жылға дейін тағы бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі.
VI шақырылымдағы Алматы мәслихаты XXI сессиясының «Алматы қаласы бойынша іске асыруға жоспарланған жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 5 қыркүйектегі №147 шешіміне өзгеріс енгізу жөніндегі қаулы электронды үкімет порталында жарық көрді. Атап айтқанда, Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Білім басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына мына жобаларды тізімге енгізуге өтініш білдірді:
1. Велосипедшілерді дайындай отырып, велотректі басқару
2. №2 Мамандандырылған олимпиада резервіндегі балалар-жасөспірімдер мектебі» («Спутник») мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорнының мүліктік кешенін басқару
3. Мектептер жанындағы дене шынықтыру- спорт аймақтарының мүліктік кешенін басқару
4. Қоғамдық көлікті диспетчерлеу
5. Алматы қаласында қатты-тұрмыстық қалдықтарды басқарудың кешенді жүйесін енгізу
6. Алматы қаласының жекеменшік балабақшаларында мектепке дейінгі тәрбиені және оқытуды ұйымдастыру
7. Алматы қаласының көше-жол желілерін ағымдық жөндеуден өткізу
8. Алматы қаласының аумағын көгалдандыру
9. Алматы қаласында көше жарықтарын жаңғырту
10. Алматы қаласында жаяу жолдарды, аялдама қапталдарын және алаңдарды орташа жөндеу
11. Алматы қаласының № 5 клиникалық ауруханасының мүліктік кешенін қайта жаңалау және пайдалану
12. Алматы қаласы білім беру мекемелерінде қауіпсіздіктің кешенді жүйесін жабдықтауды орнату және техникалық сервистік қызмет көрсету
13. Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік (жүрдек трамвай) желілерінің құрылысы, пайдалану, қызмет көрсету
14. «Алматы Арена» және «Халық арена» көпфункционалды кешендерді басқаруды ұйымдастыру
15. Алматы қаласында мектептер жанындағы дене шынықтыру-спорт аймақтарының мүліктік кешенін басқару.
Аталған жобалар 15 қазанға дейін қоғам талқылауында болады.