16.10.2018, 14:42

Медеу ауданы туризмді дамытуға барынша күш салмақ

Жуырда ғана Мемлекет басшысы халыққа «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауын жолдаған болатын. Маңызды құжаттың қыр-сырын түсіндіру мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі жиындар мен іс-шаралар өтуде. Сондай басқосулардың бірін Алматы қаласы Медеу аудандық әкімдігі ұйымдастырды.

Еліміздегі әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басты құжатта айтылған мәселелер мен ұсынылған шешімдер нақты әрі әрқайсының нүктесі қойылған. Ендеше, мемлекеттік мекемелер тек осы бағдар бойынша әрекет етіп, жұмыс істеуі қажет.

Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев жиылған көпшілікті аудан бойынша атқары­лып жатқан іс-шаралармен таныс­тырып, Жолдаудағы талап-міндет бойынша орындалуы тиіс жұмыстар жөнін баяндады.

Мәселен, туристердің ең көп бара­тын орындары – Шымбұлақ пен Медеу аталған ауданда орналасқан­дықтан, туризмді жүз пайыз дамытуға бұл аудан әбден мүдделі. Өйткені, Шымбұлақ пен Медеуге күніне 28 мың адам келуде. Бұл – өткен жылғы осы маусыммен салыстырғанда екі есеге көп.

– Global Destіnatіon Cіtіes іndex-тің бағамдауы бойынша, шетелдік турист күніне орта есеппен 245 АҚШ долларын жұмсайды. Оған қоса, тау туризмінен кіріс жағажай туризмімен салыстырғанда 5 есеге көп. Туризмді ештеңе жоқ жерде дамыта алмай­тынымыз айдан анық. Туристке түнейтін жер керек, ішіп-жемін алады, бір жерден екінші жерге дейін барады, яғни ол өзімен бірге тұтастай бір экономиканы дамытатын тізбек. Қонақүйге келгенде туристердің 80 пайызы біздің ауданды таңдайтынды­ғына күмәнім жоқ, – деді Медеу ауда­нының әкімі Ержан Жылқыбаев.

Аудандағы маңызды деген әрбір сала бойынша атқарылып жатқан шар­уаға тоқталған аудан басшысы алдағы уақытта Медеу ауданында жаңадан 7 балабақша мен мектепке дейінгі меке­мелер ашылатынын жеткізді. Бұл атал­ған мекемелердегі орын жетіспеу­шілікті 35 пайызға дейін азайтпақшы.

Айта кетейік, жиынға қаладағы зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдардың және аудандық құрылым басшылары, Алматы қаласы мәсли­хатының депутаттары, білім және денсаулық сақтау мекемелерінің қыз­меткерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, ауданымыздағы жоғары оқу орындарының және орта арнайы кә­сіптік білім беру мекеме­лерінің бас­шылары, өндірістік кәсіпорын­дардың жұмысшылары және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

Іс-шара соңында жиналған қауым Елбасының биылғы Жолдауындағы мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін бірге қимылдауға келісті. Әрі жас­тардың да белсенділік таныту керек­тігін ерекше атап өтті. Өйткені, алдағы жыл – «Жастар жылы» болмақ.