14.11.2018, 03:04

Меморандум межесі – егістікті әртараптандыру

Таяуда БҚО-да жиын-терім жұмыстары толықтай аяқталды. Егістік алқабынан 168,3 мың тонна астық (орташа өнімділік 6,9 ц/га), 43,9 мың тонна майлы дақыл (8,6 ц/га) жиналды.

- ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҚО әкімдігі арасында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мәселесі бойынша 2017-2021 жылдарға арналған меморандум жасалған болатын. Осы құжатта көзделген көрсеткіштерге жетуді қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі мен аудан (қала) әкімдіктері арасында осындай меморандумдар жасалды. Соған сәйкес биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдар алқабы 513,2 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21,8 мың гектарға ұлғайып, аталмыш меморандум көрсеткіштеріне қол жеткізілді,-дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қуанышқали Есімов.

Меморандум межесі бойынша келер жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдар алқабы 542,3 мың гектарды құрауы тиіс. Соның ішінде дәнді дақылдар 265,0 мың гектар болмақшы. Майлы дақылдарды 64,0 мың гектар жерге егілу күтілсе, оның ішінде күнбағысты 51,0 мың га дейін жеткізу жоспарлануда. Картоп және көкөніс-бақша дақылдарын 10000 га алқапқа егу жоспарлануда (оның ішінде картоп - 4 300 га, көкөніс дақылдары - 3 800 га, бақша дақылдары - 1 900 га). Алдағы жылы мал азықтық дақылдардың егісі 202,5 мың га құрауы тиіс, оның ішінде біржылдық шөптер – 41,7 мың га, сүрлемдік дақылдар - 0,6 мың га, көпжылдық шөптер - 18,0 мың га.