$ 446.49  475.38  4.79

Жәнібектіктер ет экспортын 320 пайызға орындады

Жәнібек ауданында ірі қара малының жеке тұрғындар меншігінен ауыл шаруашылығы құрылымдарына қарай шоғырлануы байқалып, мал басы артуда. Мұның бәрі Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде жүзеге асуда.

Бұл туралы Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев мәлімдеді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ауданда мал басының санының артқанын байқалады. Яғни, ірі қара – 45 918, қой мен ешкі – 84 316, жылқы – 15 302, түйе – 108, құс – 23 139 басқа жетті.

-Мемлекеттік бағдарламаларды сәтті жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі – ұсақ шаруашылықтарды ауыл шаруашылық кооперацияларына біріктіру. Агроөнеркәсіп кешенінің ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болып қалыптасуына байланысты ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері зор мәнге ие. Өйткені, онда аграрлық саланы және ауылдарды дамытудың үлкен әлеуеті бар. Кооперация – бұл ауылдың болашағы. Ауданымызда да кооперативтер сәтті жұмыс істеуде. Биыл 3 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі мен 170 шаруа қожалығы жалпы сомасы 310 млн. 322 мың теңге субсидия алды.

Жәнібекте етті бағыттағы ірі қара малы өсірілетіндіктен, осы бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды тауарлы малға қосу арқылы тұқымдық түрлендіру (селекция) жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 113 шаруа қожалығы 378 бас асыл тұқымды бұқаларды әкелді. Ал 3 шаруашылық 100 бас асыл тұқымды еділбай қойлары мен 46 бас асыл тұқымды қошқарларды сатып алды.

Жыл соңына дейін экспортқа 105 тонна ірі қара етін, 11 тонна қой етін шығару жоспарланған еді. Біз бұл жоспарды артығымен орындадық. Яғни ірі қара етінің 338 тоннасын (321%), қой етінің 44 тоннасын (400%) Ресейге шығардық,-дейді Азамат Сафималиев.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары