Инвестициялар және даму министрлігі осы жылдың соңына дейін өңделмеген бағалы және қара металдарды экспорттауға тыйым салғанын мәлімдеді. Бұл туралы lsm.kz хабарлайды.
«Қазақстан аумағынан 4 ай көлемінде өңделмеген бағалы металдарды, металл қалдықтарын және бағалы металл қалдықтарын шығаруға тыйым салынсын «,- делінген министр бұйрығында.
Құжатта алтын сынықтары мен қалдықтарына да тыйым салынғандығы жазылған. Осыған ұқсас тот баспайтын болатты қоспағанда, қара металл сынықтарына да шектеу қойылған. Үкім 2015 жылдың 9 қыркүйегінде күшіне енді.
Еске сала кетсек, Қазақстан қара металл сынықтарын сыртқа шығаруға 2013 жылдың желтоқсанында 2 айға тыйым салған. Өткен жылдың маусым айында жылдың соңына дейін ұзартылған еді, кейінірек тағы да 2015 жылдың І жарты жылдығына дейін созылды.