Қазақстанда ең төмен күнкөріс шегінің көлемі 26440 теңгені құрады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Статистика саласының мамандары ел азаматтарының азық-түлікке орташа есеппен қанша теңге жұмсайтынын шотқа салып санап берді. Агросектор өнімділігін арттыруға баса мән берілген қазақ елі былтыр 18 мың тонна ет экспорттаған. Оның жартысына жуығы Түркістан облысы шаруаларының үлесінде екен.
Қазақстанда тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларына сәйкес есептелген «ең төмен күнкөріс шегінің» көлемі 26 440 теңгені құрады, - деп жазады «Айқын» газетінде. «Азық-түлік себетіне» кіретін тауарлар ішінде ел азаматтары ет пен балықты сатып алуға көп ақша жұмсайды екен.
«Халықтың жан басына шаққандағы орташа көлемі сыртында, ең төмен күнкөріс шегінің қазақстандықтардың әртүрлі жас топтарындағы мөлшерлері есептелді. Ол бойынша бұл көрсеткіш 0-13 жастағы балалар арасында – 21330 теңгеге, 14-17 жастағы жасөспірімдер арасында жас жігіттер үшін – 33444 теңгеге, ал қыздар үшін 25628 теңгеге тең. 18 жастан асқан, еңбекке қабілетті ересек халық арасында ең төмен күнкөріс шегі жасөспірімдерге қарағанда аз: ерлерде – 31403 теңгені, ал әйелдерде 24934 теңгені құрайды.