30.09.2015, 06:58

Теңгені еркін айналымға жіберудің ДСҰ-ға кірумен байланысы бар ма?

Экономист Марат Төлібаевтың айтуынша, ДСҰ-ға кіру Қазақстан үшін мемлекет ретінде бірінші кезекте саяси жеңіс болды.

Бұл қадам арқылы қазақстандық өндірушілерге қандай да бір тиімділіктерге жол ашу қарастырылмаған. Ал теңгенің  еркін айналымға жіберудің ДСҰ-ға кірумен еш байланысы жоқ.

«ДСҰ-ға кіру фактісі елімізде бензин тапшылығын да, оған деген бағаның өсуін де тудыра қоймайды. Бензин өндіруші ел – Қазақстанда бензин бағасы көрші елдерден жоғары болмайды», - дейді экономист. 

Сондай-ақ ол Қазақстанда импорттық азық-түліктер үлесі көбейетіндігін растап отыр.Бұған ДСҰ-ның біздің елден алатын кедендік баж салығының, ветеринарлық, санитариялық кедергілердің төмендеуі сияқты жеңілдіктері септік болады.

Сонымен қатар, экономист қазақстандықтарға дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін тауарлардың бағасы төмендеуін күтудің қажеті жоқ екенін ескертті. Егер әлемде баға өссе, Қазақстанда да өсетін болады. Бұл жағдайда үкімет халыққа қолдау көрсету үшін бағаны тұрақты ұстаймыз деп нарықпен күреске шыққанша, жағдайы төмендерге жәрдемақыны көбейтуі керек.