$ 494.87  520.65  4.91

2017 жылға қарай елімізде бензин тапшылығы жойылмақ

Бұл туралы  Алматыда Халықаралық KIOGE-2015 «Мұнай және Газ» конференциясы барысында журналистерге берген сұхбатында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Қазіргі таңда Атырау, Павлодар және Шымкент қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарында күрделі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол 2016 жылдың соңына дейін жалғасады. Кейін ол зауыттар толығымен іске қосылған соң, 2017 жылдың басына қарай елімізде бензин тапшылығын толығымен жоямыз деген сенімдеміз. Қазір, осы бағытта жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ал жанар-жағар май бағасының қымбаттауына дәл қазір ешқандай негіз жоқ», - деді М. Мырзағалиев.

Сонымен қатар, ҚР Энергетика вице-министрі 2017  жылға қарай Қазақстанда өндірілетін мұнай шикізатының көлемі де артатындығын жеткізді.

«2014 жылы Қазақстанда 81 млн. тоннадай мұнай өндірілген болатын. Содан, мұнай бағасының арзандап кетуіне байланысты биыл 79,5 млн. тоннадай мұнай өндіріледі деп отырмыз. Өйткені, экспорттық кірістер азайып жатыр. 2016 жылы болжам бойынша 77 млн. тонна мұнай өндіріледі. Ал 2017 жылдан бастап, керісінше мұнай өндіру көлемі өседі. 2020 жылға қарай жылына 92 млн. тонна мұнай өндіреміз деп болжам жасап отырмыз. Оның үстіне 2017 жылдан бастап, «Қашаған» кен орнында мұнай өндіріле бастайды деген болжам бар. Бұған дейін мұнай бағасы да өсуі мүмкін», - деді М. Мырзағалиев.

Айта кетейік, «Интерконтиненталь» қонақ үйінде өтіп жатқан конференция жұмысына ҚР Энергетика  министрлігі және Инвестициялар және даму министрліктерінің өкілдері, мұнай және газ саласында қызмет атқаратын отандық және шетелдік ірі компаниялардың басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысуда.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары