Бүгін Алматы тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтаған шаһар басшысы Бауыржан Байбек Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаланың экономикалық-әлеуметтік тұрғыда қалай дамығанын айтып берді.
Әкімнің айтуынша, қаланың дамуы – Елбасы есімімен тікелей байланысты.
«Елбасының қолдауымен 2016 жылы Алматының 1000 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілуі тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды. Сол сияқты, 2017 жылы ел мерейін үстем еткен, әсем шаһарымыздың салтанатын жаңартып, спорт нысандарын бой көтерткен, ұлттық құрамамыз биік межелерді бағындырған 28-інші Қысқы Универсиада толықтай Елбасы еңбегінің арқасы», - деді Б.Байбек мерекелік жиын барысында.
Қала әкімі көше мен елдімекен атауларына Тұңғыш Президенттің атын беру бастамасын қолдайтынын да айтты.
«Жаңадан тағайындалған Мемлекет басшысы Елбасының ерен еңбегін ұлықтау мақсатында омырауына «Алтын жұлдыз» тағып, «Халық қаһарманы» атағын берді. Елбасының төл туындысы болып саналатын елордамызды «Нұрсұлтан» деп атауды, елордамызда Елбасына арналған монумент тұрғызуды, еліміздің барлық облыс орталықтарында Назарбаев атына көше беруді ұсынды. Ал елін сүйген, елі сүйген Елбасыны алматылықтар қашанда ерекше қадірлейді. Осыдан екі жыл бұрын тәуелсіздік күні қарсаңында алматылықтардың қолдауымен Тұңғыш Президентіміздің есімін орталық көшелердің біріне беру туралы Мәслихат шешімі қабылданды. Фурманов көшесі «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» болып қайта аталды. Өткен жылы бұл даңғыл толықтай жаңғыртылып, қала тұрғындары мен қонақтарға ыңғайлы да қолайлы етіп абаттандырылды. Сонымен қатар, Жібек жолы және Панфилов көшелері, Абай және Абылай хан даңғылдары, яғни шаһарымыздың тарихи орталығының 60%-і жаңғыртылды», - деді Бауыржан Байбек.
Ол сондай-ақ, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына да Елбасының бастамалары себеп болғанын атап өтті.
«Алматы бүгінде ел экономикасының негізгі қозғаушы күші, инвестициялық және туристік тұрғыдан аса тартымды іскерлік және бизнес орталығы. Тәуелсіздік жылдарында қала экономикасы 100 есе артты. Бүгінде шаһар экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 40%-тен жоғары. Яғни, 10 алматылықтың 8-інің күнкөрісі осы саламен тікелей байланысты. Нәтижесінде шикізатқа тәуелсіз қала ел экономикасының бестен бір бөлігін береді», - деді Б.Байбек мерекелік жиын барысында.
Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары қалада тұрғын үй қоры 2 есеге артты. Ал тұрғындар қолданысындағы көліктердің ұзын саны 10 есеге өскен. Соңғы он жылда 30-дан астам жолайрық, бұрын болмаған метро салынды. Тәуелсіздік алған тұста қалада 1600 жеке кәсіпорын болса, ширек ғасырда олардың саны 170 мыңнан асты.