24.04.2019, 18:45

Шымкенттік шаруаларға агроиндустриялық аймақтан жер тегін беріледі

Ауыл шаруашылығымен айналысатын қала тұрғындары үшін мемлекет қаржылай көмек көрсетпекші. Нақтырақ айтқанда, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы кәсіпкерлік және егін шаруасымен айналысуға ниет білдірген азаматтардың өтінішін қабылдауға дайын.

Бұл туралы салаға жауаптылар кооператив өкілдері мен қала тұрғындарының қатысуымен өткен семинарда жік-жігімен түсіндіріп берді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, іскер азаматтар үшін агроиндустриялық аймақтан тегін жер үлестіріліп, шаруашылыққа кеткен шығынның 25 пайызын Үкімет өтеп бермек. Сондай-ақ шеберлік сабағында ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының қызметкерлері кәсіпкерлік саласындағы өзге де жеңілдіктер туралы айтып өтті. «Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалуда. Мүмкіндік мол. Сондықтан да мемлекет тарапынан жасалып жатқан жатқан мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз» дейді Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасындағы инвестиция тарту бөлімінің басшысы Абунасыр Жанбатыров.

                                                                                                                                                         «SN.kz»-ақпарат.