Экономика 26.04.2019 сағат 14:19

Шымкентте Орталық Азияда баламасы жоқ «Аsia Trafo» трансформатор зауыты іске қосылды

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Asia Trafo» зауыты салтанатты түрде ашылды. Оның ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Asia Trafo» зауытының бас директоры Серғазы Күнтуаров, сондай-ақ шетелдік қонақтар, ҚР Даму институтының, «Атамекен» ҰӨП, министрліктер, салалық комитеттер басшылары, бірегей ассоцияция, жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың, коммуналды кәсіпорындардың және ТМД елдерінің іргелі тұтынушы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Шымкентте Орталық Азияда баламасы жоқ «Аsia Trafo» трансформатор зауыты іске қосылды
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Сипаттамасы жөнінен бірегей болып саналатын трансформатор зауыты Шымкент қаласының «Тассай» өндіріс аумағында 12 гектар жерге орналасқан. Зауыт 110кВ-дан 500кВ-ға дейін энергия өндіретін трансформатор қондырғысын шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны болып табылады. Бүгінге дейін Қазақстанда осындай қуатты электроэнергетикалық қондырғы шығару қолға алынбапты.

 Серғазы Күнтуаров жиналғандарға инвестициялық жобаның тарихы, технологиясы, әлеуеті, өнімнің ерекшелігі және экспорттық мүмкіндігі жөнінде түсіндірді. Жоба «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «БРК-Лизинг» АҚ-ның қаржылай қолдауымен жүзеге асырылады.

– Зауытқа отандық құрылыс материалдары пайдаланылды. Тек зауыт ішіндегі арнайы қондырғылар Украинадан, т.б. елдерден әкелінді. Кәсіпорын Қазақстандағы электротехникалық қондырғы шығаратын «Alageum Electric» құрамына жатады. Бұл жоғары технологиялық зауыттың құрылысы 2017 жылы басталды. Алғашқы күндердің өзінде-ақ энергетиктер бұл жобаны Қазақстан аумағындағы ең инновациялы зауыт деп атай бастаған болатын. Кәсіпорынның өнімі өзінің бірегей патенттелген технологиясы бойынша өндіріледі, – дейді жоба жетекшісі Еркебұлан Ильясов.

Мамандар «Asia Trafo» зауытының ашылуы Қазақстанды былай қойғанда, осы аймақтың дамуына да елеулі үлес қосатынын айтады. Кәсіпорын өнімдерін ТМД елдерінің нарығына, яғни Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға шығару жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Alageum Electric» – Қазақстандағы ірі электротехникалық компания. Құрамында электроэнергетика, электромашина құрылысы және құрылыс саласын жүргізетін 30-дан астам кәсіпорны мен зауыттары бар. Олардың қатарында Кентау қаласындағы «Кентау трансформатор» зауыты және «Электромонтаж» АҚ, «Электр бұйымдарын құрастыру зауыты» бар. Бұл кәсіпорындар 10 арнаулы құрастыру басқармасын біріктіріп, небір күрделі электроқондырғыларды құрастыру жұмыстарын жүргізеді.

«SN.kz»-ақпарат.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар