Жастардың бойында адалдық, парасаттылық және өзін-өзі дамытуға бағытталған адами қасиеттерді тәрбиелеуге бағытталған «адалдық дүкендері» табысты жұмыс жасайтын №9, №20 және №26 мектептер кездесу алаңына айналды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Жобалық кеңсемен бірлесе, 6-10 мамыр аралығында Шымкент қаласында «адалдық дүкендерінің» жұмыс істеуіне мониторинг жүргізді. Мониторинг нәтижелері «Integrity Shop» жобасының жүзеге асырылуы қала ұйымдарында сәтті іске асырылғанын көрсетіп, сатып алушылар арасында жақсы пікір қалдыруда.
Оқушылармен сұхбат барысында «Шымкент-адалдық алаңы» жобасының со-кураторы, Департамент басшысы Әли Көмекбаев «сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың миссиясы қоғамда сенім атмосферасын біртіндеп құру және жастарға өздерін адал адам ретінде анықтауға мүмкіндік беру» деп атап өтті.
Айта кету керек, алдағы уақытта Жобалық кеңсе мен Департамент бірлесе кәсіпкерлер мен салық саласындағы уәкілетті органдармен кездесу өткізіп, кәсіпкерлік қызметінде «адалдық дүкендерін» пайдалануға дайын кәсіпкерлер үшін бірлескен ұсынымдар әзірлеп, кездесетін кедергілерді талқылау жоспарлануда. Іс-шараға қатысушылар «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметімен, оның құрамымен және кураторларымен танысты.
Айта кетейік, Шымкент қаласында сатушысыз алғашқы дүкен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде ашылған болатын. Қазір қалада 100-ден астам мектептерде, 10 колледжде, жоғары оқу орындарында және басқа да ұйымдарда «Адалдық дүкендері» жұмыс істеуде.
«SN.kz» - ақпарат»