Мақтаралда биыл 77 мың гектар алқапқа шит себіліп, 192,3 мың тонна ақ ұлпа жиналды. Бұл жөнінде ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан әкімі Ж.Бейсенбаев хабарлады.
Оның айтуынша, аудандағы мақтаның гектар өнімділігі 25 центнерді құраған. Барлық өнімнің 108,1 мың тоннасы немесе 56,2 пайызы аудандағы 280-нен астам мақта теру комбайндарының күшімен жиналған.
Аудандағы 18 мыңдай шаруа қожалығы биыл 136,1 мың гектар алқапқа бақша, көкөніс, жүгері, күріш және т.б. ауылшаруашылығы дақылдарын егіп 62,7 млрд. теңге ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаған. Яғни, 663 мың тонна қауын, қарбыз, 78 мың тонна қырыққабат пен қияр, қызанақ т.б. көкөніс өнімдері алынды. Ал ауданның жалпы ішкі өнім көлемі 109,6 млрд. теңгені құраған.
Осы шаруалардың егіс алқаптарының құнарлығын қалпына келтіру мақсатында арзандатылған бағамен 78,1 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 52 мың тоннадан астам жанар-жағар май берілген.
Сонымен қатар, брифингте аудан әкімі аймақты жыл бойына тиімді бағамен үзіліссіз бақша, көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз ету үшін сыйымдылығы 10 мың тонналық 4 қойма салынып жатқанын мәлімдеді. Алдағы уақытта Жетісай қаласында 3 және 2 мың тонналық қойма пайдалануға берілмек. Бүгінде ауданда сыйымдылығы 12 720 тонна болатын 25 ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қарапайым қоймалар бар.
Ал ҮИИД бағдарламасы аясында осы жылы 925 млн. теңгеге 5 инвест жоба Индустриалды карта бағдарламасы аясында іске асырылып, жыл соңына дейін 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде 80 жаңа жұмыс орнын ашу күтілуде.