$ 494.87  520.65  4.91

Маңғыстау облысына келетін туристердің саны еселеп артқан

2015 жылдың басынан бері Маңғыстау облысына барлығы 25 мыңнан астам турист келген. Бұл жайында Ақтау қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Маңғыстау облыстық Туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауынова айтты.

Облысқа келушілердің дені Жапония, Австрия, Голландия, Латвия, Ресей, Испания және Германия елінің азаматтары.

«Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 87,1 пайызға артық. Сонымен қатар, ішкі туризм қатысушыларының да саны 7,9 пайызға өсіп отыр. Яғни, Қазақстанның өзге облыстарынан Маңғыстауға өз көліктерімен келушілердің қатары артқан. Саяхатшылар санының осылайша күрт өсуіне жол инфрақұрылымдарының жаңартылуы, жаңа қонақ үйлердің бой көтеруі, демалыс орындарының қайта жөндеуден өтуі себеп болып отыр. Туристер тек киелі орындарға ғана барып қоймай, даивинг, сафари, парапланеризм сынды демалыстың жаңа түрлерін де тексеріп көре алады» дейді Г.Байжауынова.

Айта кету керек, Маңғыстау облысы тарихи және киелі орындарға бай өлке. 362 әулиенің мекені саналатын өңірде Пір Бекеттің мазары да бар. Келушілердің көбі осы кесенеге зиярат етуші мұсылмандар. Туристер санының артуына орай облыс аумағында қонақ үй бизнесі де дамып келеді. Мәселен, Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылында 100 орынға арналған қонақ үй құрылысы басталса, Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында 3-4 адамнан тұратын отбасыларға арналған арнайы үй өз жұмысын бастаған. Ал, Бейнеу ауданындағы «Арна» қонақ үйі қосымша ғимаратпен толығып, орын саны бұрынғыдан артып отыр.

«Келесі жылы «Даму» қорымен «Көгез жерінде этноауыл құру», «Достар» демалыс аймағының реконструкциясы мен аумағын кеңейту», «Жастар хостелін тұрғызу» сынды жобалар қаржыландырылатын болады. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Түпқараған ауданының әкімдігімен Тамшалы шатқалына, Саура шатқалына, Сұлтан-эпе және Шақпақ-ата қорымдарына баратын жолдарды қайта жөндеуден өткізудің сметалық құжаттары әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптама бұл жобаларға оң бағасын беріп отыр. Туризм басқармасы аталған жолдарды жөндеу үшін 2016 жылға 2500,56 млн теңгеге бюджеттік тапсырыс берді, қазір нәтижесін күтіп отырмыз» дейді аталған басқарманың басшысы брифинг барысында.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың соңына дейін Ақтаудағы теңіз жағалауына облыстың ең көрікті, туристік аймақтарының конструкциясы қойылатын болады. Бұл өз кезегінде қалаға келуші қонақтардың қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары