Жыл аяғы тақап қалған кез. Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған әкім жиналысы өтуде. Департамент директорлары аймақ басшысының тапсырмасымен жиналған тілшілерге салалар бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялауда.
Кенет ортаға шығып сөз сөйлеп тұрған аты дардай басқарманың өкілі: «Формацияға сәйкес индустрияландыру, анализ жасау – субсидиялаудың негізгі формасы. Инновациялық проектілерді программалауда ребрендинг жасау, стагнацияның алдын алып, профицитке жол бермеу керек...», – деп аузы-аузына жұқпай сөйлей берген.
Әкім әлгі түсіндіргішті тоқтатып қойып: «Қарағым-ау, қай тілде сөйлеп тұрсың? Айтқаныңды өзің түсінесің бе?» – деген. Осы сөзден кейін зал іші түрлі адамдардың түрлі күлкісіне «қарық болды» да қалды.
Иә, бұл оқиғаның орайы әзілге жақсы болғанымен, астарында үлкен мағына мен өзгеріс жатыр. Кеңес одағы ыдырап, жаһандық өзгерістерге барлық ғылым саласы бет бұрған тұста түрлі түсініксіз сөздер мен салалық терминдер өріс ала бастады. Әрі әлгі терминдердің де қолданылу аясы кеңейіп, кейбірі күнделікті қолданысқа жарайтын сөздер қатарына да еніп үлгерді.
Бүгінде біреуге түсінікті, біреуге түсініксіз сөздер IT мен бизнес салаларында үлкен сұранысқа ие болып тұр. Мысалы, экономистер мен бизнес өкілдеріне таныс сөздерді қарапайым халық түсіне бермейді. Тіпті, орыс не ағылшын тілінен енген техникалық құрылғыларда жиі қолданылатын сөздердің қазақша баламасын айтсаңыз, «не деп тұрсың?» деп бетіңізге бажырая қарайтындар да жеткілікті. Әсіресе, экономика, қаржы, бизнес салаларында жұртшылыққа таңсық сөздер молынан кездеседі. Солардың біршамасының мағынасын сіз де біле жүрсеңіз, артықтық етпесі анық. Ендеше соңғы онжылдықта кеңінен қолданылып жүрген экономикалық терминдердің мағынасына қаныға отырыңыз.
Стагнация – саясаттағы, экономикадағы, мәдениеттегі, өндірістегі және саудадағы тоқырау. Саясатта қоғамдық өмірдегі тоқырау саяси селқостықпен, тұрғындардың саясаттан бас тартуымен сипатталады. Бір сөзбен айқанда, стагнация – экономиканың дамымай, ұзақ уақыт бойы бір қалыпта болуы.
Дефолт – кредиттік келісімнің сақталмауы, борыштық міндеттемелер бойынша уақытылы пайыздарын немесе негізгі сомасын төлеу шарттарының орындалмауы.
Акциз (фр. accіse, лат. Accіdere – кесу) – тұтыну тауарларының және көрсетілетін қызметтердің бағасына қосымша салынатын салықтың бір түрі. Республикада өндірілген және сырттан келетін тауарларға, бәсеке бизнесіне акциз салынады.
Профицит – «артық, көп болу» деген мағына береді. Мысалы, мемлекеттің бюджеті осы жылы профицитті болды дегеніміз – «бюджетке түскен қаржы мөлшері бюджетте қарастырылған шығындардан көп болды» деген мағынада қолданылады. Профицит – дефицитке қарама-қарсы ұғым.
Лизинг – құнды мүлікті белгілі мерзімге жалға беру және лизинг алушыға осы мүлікті аталған мерзім өткеннен кейін сатып алуға мүмкіндік беру. Лизинг негізінен кәсіпорындарға арнайы техника мен автокөліктерді алуда қолданылады.
Дефляция – экономикадағы бар тауарлар мен қызметтер бағаларының арзандауы.
Қазіргі Қазақстанда дефляция емес, инфляция басым. Инфляция дегеніміз – тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы. Ол – дефляцияға кері құбылыс. Ал айналымдағы ақша көлемінің азаюы дефляцияны туындатады. Неғұрлым ақша массасы аз болса, соғұрлым осы ақшаның құндылығы артады, яғни дефляция пайда болады. Экономикадағы еңбек өнімділігі артқанда, тауарлар мен қызметтер аз шығынмен өндіріледі. Бұның салдарынан тауарлар мен қызметтердің бағалары азаяды. Жұмыссыздықтың артуы салдарынан елде қаржы болмайды. Сонда ақшасы жоқ адамдар не сатып алады? Сатушылар осыны ескеріп, өз тауарларын арзандатады. Яғни дефляция жасайды.
Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ