Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті фискалды чек берілмегені туралы хабарлаған адамдарға 1000 теңге көлемінде сыйақы аударып жатыр, деп хабарлайды Sputnik.
Осы жылдың 12 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында бақылау-кассалық машиналардың фискалды чектерін бермеу фактілерін анықтауға арналған пилоттық жоба қолға алынған болатын. Акция 30 қарашаға дейін жалғасады.
Осы уақытқа дейін 52 адамға 1 000 теңге көлемінде сыйақы төленді. Ол ақша ұялы телефонның теңгерімі ретінде түседі. Ал 30 қыркүйектен бастап пилоттық жоба республиканың барлық аумағына таралады.
«Яғни, бүкіл Қазақстан аумағында чек бермеу фактісі туралы хабарлаған тұлғаларға сыйақы (ұялы телефон теңгерімін толтыру) беріледі», - дейді комитет мамандары.
Сыйақыны алу үшін сатушының фискалды чекті беруден бас тартқанын, дүкеннің атауы мен мекен-жайын, сондай-ақ, фискалды чек бермеген тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін басқа да мәліметтерді видеоға түсіріп, жіберу керек. Ал видеоматериалдарды Apple App Store және Google Play market қосымшаларынан тегін жүктеуге болатын «Wipon» ұялы қосымшасы арқылы жолдауға болады.
«Шағым жолдаған жағдайда қосымша өз тегіңізді, атыңызды, әкеңіздің атын (болған жағдайда), ЖСН және байланыс телефонын көрсетіңіз. Бұл деректер заң бұзушылық фактісі расталған және фискалды чек бермеген тұлғаны жауапкершілікке тартқан жағдайда сыйақы төлеу үшін қажетті», - делінген ресми хабарламада.
Осы орайда комитет барлық азаматты өзінің азаматтық ұстанымын ашық білдіріп, фискалды чек бермей жүрген салық төлеушілерді анықтауға үндеп отыр.