Жақында ғана Қазақстанның Ұлттық Банкі «200 теңгелік тиын ақша шығарылады»- деп жер-жаһанға мәлімдеді. Естіген ел-жұрт сескеніп, секемденбеді, қазақбайлыққа салынып «е-е-е» деді де қойды.
Алайда, бұның астарында ақшаны майдалау арқылы халыққа үлкен бір ескерту жатқандай. Қандай дейсіз бе?!
Тарқатып жазайын. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын бабаларымыз бейнеленген Қазақстанның қағаз ақшасының құны доллардың синонимі істпеттес шарықтап тұрған. Халық 1 теңгенің өзіне базардан талай дүние көтеріп қайтатын. Ол кездері теңге тұғырынан таяды деген ой үш ұйықтасақ та түске кірмеген, тиын түрдегі ақша мүлдем айналымға енгізілмеген кез еді. Бірақ күнде жоғарыдағылар жайпап, шайқап, бұрқ еткізгеннің әсерінен бүгінде бір доллардың құны 391- ге жетті. Бұның өзі қазірде үлкен күшпен тоқтап тұр. Ал енді 200 теңгемізден де қапыда айырылып отырмыз.
Осылайша, 200 теңге тиынға айналса, ертең 500 теңге, арғы күні мың теңге болмақ. Яғни, қағаз ақшаның тиынға айналуы – халықты кедейлікке жетелейтін бірден бір фактор. Алайда, бұны қолма-қол ақша айналысы департаменті басшысы Жомарт Қажмұратов: «Төмен номиналдағы банкноттар 1-1,5 жыл ішінде тозады. Салыстыру үшін, жоғары номиналдағы банкноттар және монеталардың қолданылу мерзімі көбірек. Монеталардың қолданылу мерзімі - 10-15 жыл», — деп түсіндіргендей болды.
Ал Тараздық экономист Досхан Керімбеков: «Қағаз ақша деген сөздің өзі-құнды ақша деген мағынаны білдіреді. Ал тиын-тебен - Қазақстанның ұсақ ақша өлшемі. Демек бұл біздің кері кетіп бара жатқанымыздың сөзсіз дəлелі» деп түйіндеді.
Бұл құлдыраудың ең сорақысы депозитте ақшасын қызғыштай қорып, аман сақтап қалу үшін жанын салып жүрген бұқараға ауыр тиері сөзсіз. Доллар бір-ақ күнде айды аспанға шығарса, миллиондап жинап жүрген қаражаттың құны «бір-ақ теңге» болады да қалады. Ал содан кейін жылап-еңіреп, басыңды тауға да, тасқа да соқсаң да еш нәтижесін бермейді.
Сондықтан қағаз ақшамызды тиынға айналдыру арқылы халықтың болашағын бағдарлап берген, Қазақстанның Ұлттық банкінің ескертуіне көңіл қойған дұрыс шығар.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ
Дереккөз: adyrna.kz