2015 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 320,4 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 24 млрд. теңгеге артық. Мұндай жетістік салада атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде болып отыр.
Мәселен, жыл басынан бері өңірімізде 179 мың тонна ет, 653 мың тонна сүт, 271,8 млн. дана жұмыртқа өндірілген. «Ірі қара мал экспортының әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде «Сыбаға» бағдарламасымен осы жылы 20,7 мың бас аналық ірі қара сатып алынып, тапсырма 1,2 есеге орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша биыл 20 мың бас ұсақ мал алу межеленсе, 11 айда 47,7 мың бас мал алынды. Ал «Құлан» бағдарламасы аясында 2 680 бас жылқы алу жоспарланып, нәтижесінде 3894 бас алынып, меже 145,3 пайызға артық орындалды. Мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған іс-шарасы аясында жалпы 1919 жобаға 4770,8 млн. теңге несие берілді.
Облыста 43 ет, 38 сүт, 35 жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Ағымдағы жылы осы кәсіпорындардың қуаттылықтарын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, ет кәсіпорындарының қуаттылығы 7,4 тоннаға, сүт кәсіпорындарының қуаттылығы 8,1 тоннаға, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығы 17 тоннаға артты. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 20,3 млрд. теңгеге көбейіп, 138,5 млрд. теңгені құрады.
Ал ауыл шаруашылығы дақылдарынына жүргізілген әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде өңірдегі егіc көлемі 772,5 мың гектарды құрап, суармалы жерлердің көлемі 18,8 мың гектарға ұлғайды. Қосымша 112,3 гектар жылыжай салынып, жалпы көлемі 1023 гектарға жетті. 9,7 мың гектарға тамшылатып суғару әдісі ендіріліп, көлемі 43,7 мың гектарды құрады. Сонымен бірге, облыста жеміс-көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығы 210 мың тоннаны құрады.