Салада 9 айда 406 миллиард теңгеге жететін тауар шығарылған. Индустриялық аймақтардың әлеуетін жақсарту үшін инвестиция тарту жұмыстары да қарқынды. Бұл туралы мамандар Ақпараттық коммуникациялар орталығында журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz.
Шаһарда бизнесті нақты жүзеге асырып, оның өміршеңдігіне негіз болатын жобалық кеңсе құрылған. Соның нәтижесінде, 2019-2024 жылдарға құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 166 инвестициялық жоба анықталған. Оның 21-і шетелдік инвесторлар есенбінен 650 миллиард теңгеге негізделген. Жоба нәтижесінде 15 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
«Жыл соңына дейін 48,1 млрд.теңгені құрайтын, жаңа 1 200 жұмыс орны мен 18 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, құны 24,2 млрд.теңгені құрайтын шетел инвесторларының қатысуымен 4 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінге құны 6,2 млрд.теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске қосылды. Қалғаны жыл соңына дейін жүзеге асады деп күтілуде» – дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Береке Дүйсебеков.
Мегаполисте "Бастау бизнес" жобасына 1733 адам қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 867 адамды тарту көзделіп отыр. Қазірге 743 адам оқуын тәмамдап, 117 адам грантқа өтініш білдірген. Тағы 42-сі шағын несие алған. Жыл соңында жоспардағы 152 азаматтың барлығы несиеге қол жеткізеді.
«Жалпы, индустриялық аймақтар құрылғалы бері бюджетке 10,9 млрд. теңге салық түскен. Оның ішінде 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында «Оңтүстік» индустриялық аймағы қатысушыларынан 1,3 млрд. теңге, ал «Тассай» индустриялық аймағы қатысушыларынан 96,8 млн. теңге салық төленген» деп атап өтті Береке Дүйсебеков.
Айтпақшы, Шымкентте келер жылы «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылмақ. Онда 2021-2023 жылдары 20 млрд. теңгеге 1000 адамды жұмыспен қамтитын 20 жоба жүзеге асырылмақшы.