Канадалықтардың үлкен делегациясы асыл тұқымды ірі қара малды сатуға арналған жыл сайынғы «Karasu Farm-2014» қазақстандық аукционына қатысатын болды деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Қазагромаркетинг» АҚ баспасөз қызметі мәлімдегендей, іс-шара 2014 жылдың 7-тамызында Қостанай облысының Қарасу ауданы Восток ауылында өтеді.
Аукцион биыл екінші рет өткізіледі және бұл Қазақстандағы асыл тұқымды малды сату бойынша ең табысты сауда алаңы болып табылады.
«Бұл жолы сатылымға 50 бас асыл тұқымды бұқа шығарылмақ. Оның ішінде 34 басы - қазақ ақбас тұқымы және қалған 16 бас бұқа әулиекөл тұқымына жатады.
Өткен жылы «Karasu Farm-2013» аукционының қорытындысы бойынша жалпы құны 30 млн. теңгеден асатын отандық ірі қара мал тұқымдарының 39 басы (21 бұқа мен 18 қашар) мен 27 бас қазақ құйрықты қылшық жүнді қойы сатылған болатын», делінген хабарламада.
Биылғы аукционға еліміздің әр аймағынан мал басын жақсартуды көздеген шаруашылық иелері жиналады деп күтілуде.
Сонымен қатар, етті мал шаруашылығы саласындағы білікті мамандардан құралған, құрамына мемлекеттік құрылымдар мен бизнес қауымдастық өкілдері енген Канада елінің үлкен делегациясы іс-шараға қатысуға ниет білдіріп отыр.
Жалпы, асыл тұқымды мал шаруашылығы жақсы дамыған Канада мемлекетінің көптеген өкілдерінің алдағы іс-шараға қатысуы отандық және шетелдік мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер арасында әріптестікті орнату мен елімізде мал шаруашылығы индустриясын жаңа деңгейде дамытуға өз ықпалын тигізеді деп күтілуде.