$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысында қант диабеті орталығы ашылды

Биыл елімізде «Десаулық» атты жаңа мемлекеттік бағдарлама қолға алынып, нәтижесінде осы орталықта науқастар тегін емделіп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін болады.

Салтанатты шараның ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев өзінің құттықтау сөзінде:

- Елбасымыз қазіргі жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан еліміздің дамуын тоқтатпай, мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі стратегиясында көзделген межелерге жету жолында барлық қажетті жағдайды жасауда. Мемлекетіміздің басты байлығы - халқымыздың денсаулығына үлкен көңіл бөлінуде. Осы орталықтың ашылуы Мемлекет басшымыздың мемлекеттік – жекеменшік әріптестікті нығайту туралы тапсырмасын орындаудың жарқын көрінісінің бірі және С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті мен Алматы облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумның жемісі.

Осыдан кейін сөз алған С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Айқан Ақанов өз сөзінде, бүгінде қант диабеті ауруының кең етек жайып, ғасыр індетіне айналып бара жатқандығын, аурудың асқынуынан еліміз бойынша жылына аяқты ампутациялау бойынша 5 мың ота жасауға тура келетіндігін атады. Сондай-ақ өз сөзінде мемлекет тарапынан бұл бағытта үлкен жұмыстар жасалып жатқандығын, отандық мамандарымыздың медицина саласы дамыған Жапония, Европа мемлекеттеріне барып, сол елдердің соңғы ғылыми жетістіктерімен танысып, біліктіліктерін арттырып, елімізге сол жаңалықтарды енгізіп жатқандығын да тілге тиек етті.

- Бүгінгі ашылып отырған орталықта өзіміздің мамандарымызды дайындаймыз, олар науқастарды емдеп қана қоймай, аурудың алдын алу жолдарын түсіндіретін болады. Қант диабетімен ауыратын әйел азаматтар тиісті ем қабылдағаннан кейін, дүниеге дені сау нәресте алып келу мүмкіндігіне ие болады. «НурАвиценум» медициналық орталығының мамандары ҚазҰМУ-дың жанындағы эндокринологиялық орталықта біліктіліктерін арттырады, ал эндокринологиялық орталық мамандары Талдықорғанға келіп, жарты жыл бойы жергілікті мамандармен тәжірибе алмасатын болады. Осыдан кейін өңір басшысының орынбасары Б. Өнербаев медициналық орталықтың құрылымымен танысып, науқастардың қал-жағдайын сұрап шықты.

Дәкенов Орынбасар, Қожамжаров Бауыржан, Выхристова Анна, орталықта ем қабылдаушылар:

- Медициналық орталықтың көрсетіп жатқан медициналық қызметіне көңіліміз толады. Бәріне ризамыз! Жыл сайын келіп түрлі ем қабылдап тұрамыз. Келген сайын жақсы өзгерістерді көріп, қуанамыз. Осы орталықтың ашылуы медициналық қызмет сапасын бұрыңғыдан да жақсартуға өз септігін тигізер деген сенімдеміз.

Емделушілердің пікірін тыңдап, қызмет сапасын көзімен көрген облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Әлтайұлы сапалы мединалық қызмет көрсетіп жүргендігі үшін орталық директоры Владимир Крайсманға өңір басшысының атынан алғысын білдірді.

Шара соңы қант диабетін емдеу жолдары, оның алдын-алу, сапалы ем қондыратын дәрі-дәрмек түрлерінің таныстырылуына арналған шағын конференциямен жалғасты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары