$ 481.84  531.33  5.07

«30 жасыңа дейін зейнетақы қорындағы ақшаң 9,7 млн теңгеге жетсе, жаратуға мүмкіндік аласың» - министр

Қазір Қазақстанда 113 мың адамның осы шектен асатын ақшасы бар екен.
Фото: Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов
Фото: Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында қазақстандықтардың зейнетақы қорында жиған ақшасын үй алуға, емделуге жұмсау мүмкіндігіне арналған дөңгелек үстел өтті. Отырыста Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов адамдардың қордағы ақшаны пайдалануы үшін «жас шегін» белгілеу туралы ұсыныс айтты. Мысалы, азамат зейнетақы жарнасын түрлі мақсатқа жаратқысы келсе, 30-ға келген ер адам қордағы ақшасының бір бөлігін алған жағдайда, қалған қаржысы 6,7 млн теңгеден кем болмау керек, сол жастағы әйел адамдардың ақшасы 9,7 млн теңгеден кем болмауы керек.

«Біз Президентке екі ұсыныс бердік. Біріншісі, ер азаматтардың жинағы жеткілікті шектен асатын болса, яғни, 30 жастағы азаматтың жинағы 6,7 млн теңгеден, 50 жастағы азаматтың жинағы 7,2 млн теңгеден, зейнет жасына жеткен азаматтың жинағы 8,2 млн теңгеден асқан жағдайда, ол осы сомадан жоғары қаржының бөлігін ала алады. Осылайша, ақшаны есепшоттан алу адамның жасына байланысты болуы керек. Себебі, ер адам 30 жаста болса, оның 63-ке дейін ақша жинайтын тағы 33 жыл мүмкіндігі бар», - деді Б. Нұрымбетов.

Бұл ұсыныс бойынша әйелдер үшін минималды сома тым жоғары. Оның себебін министр әйелдердің ұзақ өмір сүретіндігімен түсіндірді.

«Өмір сүру ұзақтығы статистиканы анықтайды. Әйелдер зейнет жасына жеткеннен кейін орта есеппен 22 жыл, ерлер 17 жыл өмір сүреді. Себебі әйелдердің өмір сүру ұзақтығы ер азаматтардан 5 жылға жоғары. Яғни, олардың зейнетақыға шыққанға дейін ақша жинауға 22 жылы бар. Сондықтан әйелдер үшін «жеткіліктілік» деңгейі 9,7 млн теңге. Сонымен, қыз бала 30-ға толғанда зейнетақы шотында 9,7 млн теңге болса, одан артық жиналған ақшаны басқа мақсаттарға жұмсай алады», - деді министр.

САЛЫМШЫЛАРДЫҢ 1%-Ы ҒАНА ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ АҚШАСЫН БАСПАНАҒА ЖҰМСАЙ АЛАДЫ

Қазір Қазақстанда 113 мың адамның осы шектен асатын ақшасы бар екен. Олар барлық салымшылардың 1,1%-ын құрайды. Аталған азаматтар зейнетақы шоттарына жалпы сомасы – 1,4 трлн теңге жиналған. Үстіндегі шешіп алуға болатын ақшасы – 520 млрд теңге.

Министр екінші ұсыныс ретінде зейнет жасына жеткендердің зейнетақы қорындағы ақшаның 50%-ын алуға болатынын айтты. Бірақ соны алған кезде шотта жалпы зейнетақыға деп жиналған қаржының 40%-ы қалуы керек.

«Бұл - халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы, ұстанымы. Алған ақшаны үй алуға, қымбат емге жұмсауға немесе өз жарналарын инвестициялау үшін зейнетақы активтерін басқару компанияларына аударуға болады», - деп сөзін түйіндеді Б. Нұрымбетов.

Жас ерекшелігіне байланысты ұсынылған жаңа механизмнің логикасы мынада: Қазақстанда ерлер 63 жаста, әйелдер 58,5 жаста зейнетке шығады. Егер ерлер 30 жаста 6,7 млн теңге, әйелдер 9,7 млн теңге жинап қойса, онда өмірінің соңына дейін ең болмағанда минималды зейнетақыны алуына мүмкіндігі бар. Сондықтан қалған ақшаны тұрғын үйге, емге, тағы басқа қажеттіліктерге жұмсауға рұқсат берілмек. Минималды зейнетақы соммасы елімізде 38636 теңгені құрайды.

ЖЕТКІЛІКТІ СОМАНЫ ЖИНАЙ АЛМАҒАНДАР ШЕ?

Осы жерде «Қазақстан азаматтары алатын орташа жалақымен зейнетақы шотына 30 жаста қалай 6-10 млн теңге жинауға болады?» деген заңды сұрақ туындайды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов жұмыс тобында аталған шекті соманы азайту мәселесі қаралып жатқанын, бірақ адамдар ақша жетпейтінін білсе, баспана алудың басқа амалдарын іздеуі керектігін айтты.

«Біздің бірінші міндетіміз – халықты қартайғанда зейнетақымен қамтамасыз ету. Жалақы адамның өзіне байланысты. Оған мемлекет әсер ете алмайды. Менің кеңесім – зейнеткерлікке ақша жинағыңыз келсе, өмір бойы жұмыс істеңіз. Барлық табысыңыздың 13%-ын сонда аударыңыз. Сонда 40 жылдан кейін жақсы зейнетақы аласыз. Ал үй алғыңыз келсе, мемлекеттің көмегін, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынған бағдарламаларды қолданыңыз. Алғашқы 20% жарнаны тезірек жинайсыз. Оның үстемесі 3-5% ғана. Сөйтіп, баспана мәселесін зейнетақыға қарап отырмай, осындай жолдармен шешкеніңіз дұрыс. Зейнетақы жинағының тек бір бөлігін ғана арнайы бағдарламамен қолдануға болады. Қазіргі үйлердің бағасы аймақтарда 9-12 млн десек, үй проблемасын бәрібір де зейнетақы ақшасымен шеше алмайсыз», - деді Ж.Құрманов.

САЛЫМШЫЛАРДЫҢ 84%-Ы 2 МЛН ТЕҢГЕДЕН АРТЫҚ АҚША ЖИНАМАҒАН

БЖЗҚ басшысы ел азаматтарының көбі зейнетақы есепшотына тұрақты түрде ақша аудармайтынын алға тартты. Бұған дейін Еңбек министрі де салымшылардың 84%-ының шотындағы ақша 2 млн теңгеден аспайтынын сөз еткен.

«5,3 млн адамның есепшотындағы қаржы, яғни салымшылардың 53%-ының жиған ақшасы 500 мың теңгеге дейін ғана. 1,6 млн адамның немесе салымшылардың 16%-ында 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін бар. Яғни, барлық салымшылардың 69%-ы тек 1 млн теңгеге дейін ғана ақша жинаған. Ал 15% салымшының жарнасы 2 млн-нан аспайды. Салымшылардың 84%-ның есепшотында 2 млн теңгеден артық ақша жоқ десек болады», - деген Б.Нұрымбетов.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 9,9 млн адамның зейнетақы есепшоты бар. Олардың 6,5 миллионы ғана жыл сайын кем дегенде бір рет шотына ақша аударады.

Азаматтардың зейнетақы қорындағы қаржысын түрлі мақсаттарға жұмсау мәселесі әлі екі ай бойы қаралады. Содан кейін ғана заң жобасы тиісті органдарға ұсынылады. Сонымен қатар, министрлік алдағы уақытта БЖЗҚ-дағы ақшасын баспанаға, емге, оқуға жұмсай алатындардың санын көбейтуге тырыспақ. Бірақ әзірге оның нақты механизмі жоқ.

Дереккөз: Азаттық рухы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары