Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 2019 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 394 мың өзбек мигранты бар. Олар былтыр алғашқы 9 айда ұлттық банктер арқылы Өзбекстанға 108 млн доллар ақша аударған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Азаттық радиосына сілтеме жасап.
«Қазақстанда компания, мекемелік ұйымдарда 19 мың шетел азаматы істейді. Олардың 800-і – Өзбекстан азаматы. Бұған қоса, жеке тұлғалар жұмысқа жалдайтын шетел азаматтары бар. Олардың жұмысын толығымен Ішкі істер министрлігі бақылайды. Олар рұқсатнама береді. Дактилоскопия жүргізеді. Салықтарын жинайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр жұмыс істеу бойынша 414 мың рұқсатнама берілген. Оның 95 пайызы, яғни 394 мыңы – Өзбекстан азаматтарына берілді», - дейді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, өзбек азаматтары негізінен үй шаруашылығы, оның ішінде құрылыс, пәтер жөндеу, аспаздық жұмысқа тартылған. Былтыр қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында өзбек мигранттары ұлттық банктер арқылы Өзбекстанға 108 млн доллар ақша аударса, Өзбекстандағы Қазақстан азаматтары осы уақыт арылығында 25 млн доллар аударған.