Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде әлеуметтік маңызы бар азық- түлік тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство дерегінше, қазір елдегі қоймаларда 1,2 миллион тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры сақталған. Бұл көлем қалыпты тұтыну кезінде 1 айдан 6 айға дейін жеткілікті екен.
«Өндіріс орындарынан азық-түлік тауарларын жеткізу жоспарланған кестеге сәйкес жүргізілуде. Сауда орталықтары мен базарлар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Үкімет негізгі азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қолға алды» делінген министрліктің хабарламасында.
Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын тұрақты түрде бақылап отыр.
«Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігінің Бәсекелестікті қорғау комитеті бағаны негізсіз өсірген бизнес субъектілеріне айыппұл салатынын ескертеді» делінген мәлімдемеде.