Azattyq Rýhy алдын ала қаражат бөлініп, пандемияға байланысты шараларды кейінге қалдырған қалалар мен облыстардың бюджеті қалай үнемделгенін жазады. Бүгін Ақмола облысының наурыз, сәуір, мамыр айларындағы мерекелерге бөлген қаражатына тоқталамыз.
«ҮНЕМШІЛ» ОБЛЫС
Мерекелердің бюджеті туралы ресми сауалымызға әзірге бірнеше облыс әкімдігі жауап берді. Солардың арасында думанды даталарға ең аз қаражат қарастырған аймақ - Ақмола облысы болып отыр.
Мысалы, ресми жауапта айтылғандай, «облыстық деңгейде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мен 22 наурыз – Наурыз мейрамын ұйымдастыру үшін 4 млн теңге қарастырылған».
«Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы негізінде тендер жеңімпазымен 2 млн теңге сомасына 8-22 наурыз күндеріне арналған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша келісімшарт жасалған. Коронавирус пандемиясының салдарынан Қазақтан Республикасында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған іс-шаралар тоқтатылғандықтан тендер жеңімпазымен 1,73 млн теңге сомасына қосымша келісімшарт жасалды»,-деп хабарлайды әкімдік.
Салыстырмалы түрде қарасақ, Алматы облысы тек 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне ғана 24 млн, Ақтөбе облысы да тек осы мерекеге 12,6 млн теңге бөлгенін жазған едік.
МЕРЕКЕ ЖОҚ, АҚША БАР
Наурыз мерекесіне бөлінген қаражатты қысқарта келіп, 1 млн 730 мың теңгеге «той» жасаған облыс мамырдағы үш мерекені 2 млн теңгеге өткізген. Төтенше жағдай жаппай думандатуға тыйым салғандықтан, бұл ақша мереке иелерін құттықтауға жұмсалған сияқты.
«Облыстық деңгейде 1 мамыр – Бірлік күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Жеңіс күндерін ұйымдастыру үшін 6,5 млн теңге сомасында қаражат қарастырылған. Бірақ бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынуына байланысты мамыр айындағы мемлекеттік мерекелерді өткізуге арналған іс-шаралар сомасы 2 млн теңгеге дейін қысқартылды», - деп түсіндіріп отыр әкімдік.
САЛТАНАТТЫ ШАРАЛАРДАН БЮДЖЕТКЕ ҚАНША ҚАРАЖАТ ҚАЙТАРЫЛҒАНЫ БЕЛГІСІЗ
Жалпы, ресми жауапта хабарланғандай, мемлекеттік деңгейдегі осы даталардан басқа, облыс Төтенше жағдайға тарыған айларда тағы 12 шара өткізуді көздеген екен. Концерт, семинар, форум сияқты бұл шаралардың бір де біреуі өтпеген. Бірақ облыс әкімдігі бюджетке неше теңге қайтып түскенін хабарламай отыр.
«Қазақстан Республикасында төтенше жағдай жариялануға байланысты өткізілмеген шараларға тоқталсақ. Мемлекеттік мерекелерге арналған 5 салтанатты және 7 басқа іс-шаралар (форумдар, кездесулер, семинарлар) өткен жоқ. Аталған іс-шараларды ұйымдастыруға азаматтардың тартылмауына байланысты, еңбекақы төленген жоқ. Осы 12 облыстық іс-шаралардың өтпеуіне байланысты жұмсалмаған және сомасы қысқартылғандықтан, артық қалған қаражаттар бюджет есебіне қайтарылғанын хабарлаймыз», - дейді әкімдік.
Басқа облыстар сияқты, Ақмола да көптеген шараны 2020 жылдың екінші жартысына шегерген. Алайда көздеген мәліметтер ашық және толық ұсынылмағандықтан, Azattyq Rýhy Ақмола облысында өтпеген шаралардан бюджетке неше теңге түскенін қосымша сұратады.