Күнекей Нұрлан есімді лақап атымен танымал қаржыгер маман Әйгерім Нұрлан қазақ отбасылары қаржылық сауаттылыққа көңіл бөлмейтінін айтады. Соңғы жылдары қаржылық кеңесші қазақтардың сауатын арттыруға септігін тигізіп жүргенін жеткізді. Редакциямызға берген сұхбатында маман қаржылай сауатты болудың қарапайым әдісімен бөлісті.
– Не себепті халықты қаржылай сауаттандырмақ болдыңыз? Осы сала жайында кеңестерді беріп жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– Мұның барлығы докторантураға түскеннен кейін басталды. Ғылыми жұмыс диссертация тақырыбын таңдау кезінде "Қазақтар неге тойға кредит алады, неге келешегін ойламайды, қаржылық жағынан сауаттылығы неге төмен?" деген сұрақтар мені алаңдатты. Осы тақырып аясында ғылыми жұмыс жүргіземін деп ойлаған болатынмын. Айналысатын салама байланысты қаржы өмірімнің мәні болып кетті. Ал Instagram дамығаннан кейін оны шығармашылық бағытта, фото түсіріп, өңдеуде қолданатынмын. Жеке тұлғаларға марафон, мастер класс, вебинар жүргізіп жүрдім, енді жеке консультация өткізуді жөн көрдім.
2019 жылдың қаңтар айынан бастап жеке тұлғаларға қаржылық кеңес бере бастадым. Себебі бұған дейін заңды тұлғаларға кеңес беретінмін. Консалтингтік компанияның негізін қалаушымын. 12 жыл бойы қаржыгер ретінде коммерциялық банкте жұмыс істеп келе жатырмын. Бөлім меңгерушісі болып қызмет етемін.
– Сіздің ойыңызша, қазақтар не себепті әлі де толық қаржылай сауатты емес?
– Кеңес үкіметінің ықпалы ма, әлде ұлт ерекшелігі ма деген сұрақтар туындаған соң осы тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізгім келді, бірақ маған бұл тақырып қаржыгер маманға тым оңай болады деді. Банкте істейтін маман ретінде осы тақырып аясында зерттеу жүргізгенім дұрыс деп шештім. Осы тақырыпты зерттеп, халықтың ойын біліп, қаржылық сауаттылықты арттыруға байланысты сабақ жүргізсем деймін.
Менің басты миссиям - қазақстандықтардың өмір сапасын, қаржылық сауатын арттыру. Мұны әлеуметтік жоба ретінде қарастыру жөнінде де ой болған, бірақ қаржыгер маман ретінде өз білімімді тегін шашу дұрыс емес, одан да желі арқылы мастер-класс бағытында ақпарат беру дұрыс деп ұйғардым.
Бұл мәселені терең зерттеу үшін әр аймақтан жас, жасы келген; жұмысы бар, жұмыссыз адамдардан тұратын Focus group-ты зерттеу керек. Қазақтардың қаржылық сауаты жағынан әлсіз болуының себебі кеңестің кезеңде алға ұмтылу, бәсекелестік, нарықтық экономика деген нәрселер болған жоқ. Нарықтың экономика, бәсекелестік болған жерде нарық та дамиды. Совет үкіметі кезіндегі адамдардың "Ертең бай боламын, бизнес ашамын" деген ойлары болмағандықтан, бизнеске деген, жеке қаржыны ұйымдастыруға деген ынтасы болмаған. Бәрін мемлекет шешіп отырды: үй берді, жалақың тамағыңа жетеді, киімің бірдей, әрбір адам бір-бірімен тең. Ұмтылыс, мотивация болмады.
- Қазақтар қашан осы нәрсеге көңіл бөледі?
- Қазақ отбасылары қаржылық сауаттылықты көтеруге мүлдем көңіл бөлмейді. 10-20% - ғана қазақ ел көрген, шетел көрген, білімді азаматтар, қаржылық сауаттылығын арттырғысы келеді: инвестиция жасаймын, бизнес ашамын деп менен кеңес алуға келіп жатады. Бірақ жалпы алғанда көпбалалы отбасылар ертең баламды асырай аламын ба, жоқ па дегенді жоспарламай ала береді. Тіпті қазір Kaspi Red пайда болғалы бері адамдар тамаққа да, киімге де несие алады. Бұл сауатсыздықтан шыққан қаржылық шешімдер деп есептеймін.
– Сізден көбіне кеңес алатын әйелдер ме, ерлер ме?
– Қаржылық кеңесті жеке тұлғалар ғана емес, бизнес тұлғалар да алады. Қаржылық кеңесшіге барлығы жақсы бола тұра келмейді. Әбден қарызға батып, шешім болмаған кезде көмек керек болған уақытта ғана келеді.
Қазақтардың бизнес жүргізуінде сауаттылық деңгейінің төмендігінің көрсеткішін байқауға болады. Кәсібін заңды түрде тіркемейді, бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізбейді. Талдау, бизнес бағалау сияқты қаржылық есеп, басшылық есептер тапшы, сол себепті қараңғылық сезіледі. Жәй ғана дүкен ашып, соны бизнес деп атап, өзін бас директор деп сайлап алады. Оны алдын ала жоспарлау, резерв құру, қор құру, мысалы карантин кезінде жағдай өзгеріп кетсе, ертең қызметкерлеріңе жалақы төлеу үшін ақшаны қайдан аласың деген сияқты нәрселерге назар аудармайды. Кейде, тіпті, қаржы сұрақтарына ғана емес, кадр сұрақтарына да жауап беріп кетемін. Өйткені бизнес процесстерді жүзеге асыру үшін жақсы мамандар қажет. Оның құрылысы, жоспарлауы, бір-бірімен қарым-қатынасы барлығы көмек жүргізуге кіреді. Мен жалғыз емеспін, қаржылық аналитиктермен бірге командалық жұмыс атқарылады.
Кеңес алуға маған әйелдер жиі келеді. Көбінесе маған ер адамдар келмейді, себебі ерлер әйел кеңесшілерге сене бермейді, келсе де, ешкімге айтпауымды өтінеді. Менің кеңестерім құпия түрде өтеді, арнайы келісімге қол қоямыз.
– Сізге кеңеспен келгендер арасында ерекше бизнес-идеясын айтқандар бар ма? Есте қалған қызықты оқиғаларыңыз болса.
– Бизнес идеялар қарапайым, қарабайыр. Басқа қалалардан менен кеңес алу үшін адамдар ұшып келіп жатады. Маған сеніп келетіндерге рахмет айтқым келеді. Астанаға іс-сапармен барған кезде де, кездесіп жатамын. Аймақтардың көбінің идеясы СТО, көлік жуу, азық-түлік дүкендерін ашу. Қазақстанда 80% әйелдер киім тігумен айналысқысы келеді, сол идеямен келеді. Одан кейін карантиннен кейін онлайн дүкен ашқысы келетіндер көбейді. Барлығы қарапайым, ерекше бизнес-идеялар бар, бірақ оларды айта алмаймын, себебі бұл құпия ақпарат.
Бір жолы маған кеңеске бір қыз келген. Бірнеше айдан кейін оның алыс туысым екенін білдім. Күлкілі жағдай болды. Қазір қазақтар етене жақын араласпайды ғой, ол менің немере туысым болып шыққан, мені оны байқамағанмын. Менің лақап атыма байланысты да көбі білмей жатады.
– Жалпы қаржылай сауатты болудың қарапайым әдісі бар ма, бәріне ортақ, түсінікті..
– Басты қарапайым әдіс мынау. Мен адамға қаржылық сауаттылық деңгейін білу үшін бес сұрақ қоймын:
Айына қанша ақша табасың?
Айына қанша қаражат шығындайсың?
Сол шығындардың ең ірі категориясын білесің бе, жоқ па?
Депозиттік қорың бар ма, жоқ па?
Қосымша кіріс көзің бар ма, жоқ па?
Осы негізгі бес сұрақ сіздің қаржылық деңгейіңізді анықтайды. Бұл бес сауал - осы салада көп уақыт бойы жүріп, түйіп-білгенім. Кейбір фрилансерлер өздерінің қанша қаражат тауып жатқандарын білмейді, ал офистік қызметкерлер біледі. Мұның барлығы адамның қаншалықты қаржылай сауатты екенін көрсетеді.
– Бизнес ашып, жетістікке жету, өзіңді дамытудың қандай тиімді жолдары бар?
– Бизнес бастарда өзіңнің қаржылық бюджетіңді дұрыстап алу керек. Әйел адамдарға "Тамақ пісіргенде бірінші қазанды жуып аласың ғой, сол қазанды жуып алу деген бизнес ашудың алдында, инвестиция жасар алдында қанша ақша табасың, қандай проблемаларың, қарыздарың, міндеттемелерің бар, соны білу іспеттес" деймін. Осы сұрақтарға жауап беру керек. Осыдан кейін барып бизнес ашу, инвестициялауды ойлауға болады.
– Жалпы қаржылық кеңесші барлық адамға керек пе?
– Қоғамда қаржылық кеңесші маңызды рөл атқарады деп ойлаймын. Дамыған елдерде әрбір отбасының өз қаржыгері, заңгері бар. Сол сияқты өзіңнің компетенциясы бар, дағдысы бар кеңесшінің болуы өмірді жеңілдетеді. Қаржыңды санай алмасаңыз, сол ақшаңызды кеңесшіге төлеп, соның көмегіне жүгінген дұрыс. Ойламастан қаржылық шешім қабылдасаңыз, ертең одан да көп жоғалтасыз. Мәселен, маған проблемасы бар адамдар көмек сұрап келеді, қарапайым адам келмейді. Алдағы уақытта қаржылық кеңесшілер көбейеді еп ойлаймын. Біз жалпыға бірдей мағлұмдауға (декларациялау - ред.) көшеміз. Ал қарапайым халық толтыра алады деп ойламаймын. Бюджеттен бөлініп, тегін қаржы қызметтерін беретін қаржылық кеңесшілер пайда болады деп ойлаймын.
– Қаржылық кеңесіңіздің бағасы қандай, тегін беретін кездер бола ма?
– Жеке тұлғаларға қаржылық кеңесімнің бір сағаты - 25 мың теңге, заңды тұлғаларға - 50 мың теңге. 4-5 мың теңгеден бастағам, қазір көбейттім, себебі мен өз уақытымды, энергиямды жұмсаймын. Көбінесе адамдарды аяп кетемін, бір сағат емес, бірнеше сағат, тіпті бір апта жүретін кездерім бар. Көпбалалы әйелдер болады, күйеуі тастап кеткендері бар, ондайларға көмектесуге тырысам, аяймын. Бірақ мені кім аяйды? Сол кезде өзімді-өзім тоқтатып, жан-жаққа көңілімнің шашырап кетпеуін қадағалаймын. Қазір менеджер алдым. Ол жұмыс уақытымды реттеуге көмектесті.
– Инвестиция құю жөнінде, сондай-ақ, салық, мүлік, зейнетақы саласында да кеңес бересіз бе? Инвестицияны неге құйған дұрыс деп ойлайсыз?
– Инвестиция, жылжымайтын мүлікке қатысты да кеңес беремін. Бұл да менің кеңес бере алатын мәселелеріме жатады. Инвестицияны бір жерге құймас бұрын, жеке қаржыны дұрыстап алу керек деп санаймын.
Инвестицияның ең оңай түрі - жылжымайтын мүлікке салу, бірақ одан соншама көп табыс табады деп айта алмаймын. Инвестицияның тағы бір түрі - құнды қағаздар және істеп тұрған бизнеске немесе стартаптарға құю, бизнестің бөлігін алу. Бизнес ашу да инвестицияға жатады. Өз басым инвестицияны бағалы қағаздарға салам және бизнес, стартаптарға құямын. Менің тағы бір қызметім - инвесторлар мен стартаперлерді бір-бірімен кездестіру.
– Өзіңіздің жеке қаржыңызды кім басқарады, қалай басқарасыз?
– Өзімнің жеке және отбасылық қаржымды өзім басқарам. Мен қаржыгер маман болғандықтан жолдасым екеуміз қаржыны мен басқарам деп ұйғардық. Бірақ, әрине, қаржылық шешімдерді жолдасыммен бірге келісім бойынша жасап отырамыз, бюджетіміз ортақ. Жеке қаржыны ұйымдастыруды жақсы көрем, күнді есепшоттарды, мобильді құрылғылардағы шоттарды қараумен бастаймын, ақша санауды жақсы көремін, себебі мен үшін бұл өте оңай.
– “Baursak_party” қоғамдық клубыңызға қалай қатысуға болады?
– Қаржыдан бөлек, фото, бимен айналысам, музыкалық мектепті тәмамдағам. Инстаграм менің хоббиім деп есептеймін. Адамдармен араласқанды ұнатам, 2015 жылы банкте басшылықпен бірлесіп кішігірім клуб аштық. Әрбір жұма сайын банк қызметкерлері жиналып, кештер ұйымдастырып отырдық. Әркім өзінің хоббиі туралы айтатын. Шәй ішіп, түрлі сұрақтарды талқылайтынбыз, осыны басқа да адамдар естіп өзге банк қызметкерлері қызығушылық танытты.
Содан жобаны деңгейінде өткізейін деп шештім, бұл коммерциялық жоба емес, бірақ қатысу үшін 3000 теңге төлеу керек, бұл сома клубтың жылдық бағасы болды. 12 ай үшін 3000 теңге төлейсіз, әрбір отырыста біз оған бауырсақ аламыз, кейде шақыратын спикерлерге гүл, сыйлық алуға жұмсаймыз. Ай сайын қоғамдық пікір қалыптасыратын блогерлерді шақырамыз. Ол өз кезегінде лайфхак, ұсыныстарын айтып бөліседі. Басында бұл жоба "Kunekei party" деп аталатын, кейіннен Baursak party деп аталатын болды. Қазір карантин уақытында клубтағы жиындарды онлайн өткізіп жатырмыз және де тегін ұйымдастырылуда.
– Әйгерім, қалай ойлайсыз сіздің салаңызда табысты жұмыс істеу үшін білім алу, диплом қажет пе?
– Менің саламда білім қажет, он екі жыл қаржы саласында жүрген соң адамның бэкграунды болу керек деп ойлаймын. Курс өтіп қаржыгер болу дұрыс емес. Тәжірибесі бар, жан-жақты білімі бар маман қаржы кеңесшісі бола алады. Қаржы кеңестері - адамның өмірін өзгертетін кеңестер. Егер ақшаң болмаса, ертең күн көре алмайсың. Бұл маникюр жасау, Instagram жүргізу емес.
Мәселен, бір жолы мұңды оқиға басымнан өтті. Бір кісі "Мен өлгім келеді, өмір сүргім келмейді, қарыздарым бастан асады" деп келген. Енді мен мұндай жағдайда не істей аламын? Мен психолог емеспін, бірақ қаржылық сұрақтар да адамның өмірін өзгертетінін білемін. Сондықтан бұл күрделі, жауапты мамандық.
Дереккөз: Stan.kz