24.03.2016, 04:00

Алматыдағы Наурыз мейрамына 100 мыңдай адам қатысты (ФОТО, ВИДЕО)

Алматыда кеңінен аталып өтіліп жатқан «Наурыз мейрамы» ҚР-ы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен «Алматы қаласының 1000 жылдығы» аясында өтетін мерекелік шаралар легін бастады. «Астана» алаңында өткен шараға 100 000 астам қатысқан.

Қала әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, баянды бақыт, отбасыларына береке тіледі. Сонымен қатар, қала басшысы халықтың ынтымағы, тұтастығы мен өзара түсінушілігі – ұмытылмас, маңызды құндылықтар екенін баса айтты.

Концерттік бағдарламаға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Якутия, Қазақстан және басқа да елдерден келген артистер, өнер ұжымдары қатысты. Шығармашылық ұжымдар өз билерінде көпұлтты Қазақстанды жан-жақты қырынан көрсете білді. Одан бөлек, мультимедиалы-хореографиялық көріністер қойылып, кішкентай көрермендерге сауықтық, шоу-бағдарламалар ұсынылып, ертегі кейіпкерлеріне енген аниматор қуыршақтар, цирк қойылымы көрермен көңілін қош етті.  

Сонымен қатар, мерекелік шара аясында 500 кг бауырсақ пен 500 литрге жуық «Наурыз-көжеден» тегін дәм татуға мүмкіндік болды. 

Атап айту керек, 7 тақырыптық аймаққа бөлінген алаңның бір бөлігін «Астана» - «street food» наурыз-көже салудан бастады. КСРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова ақ батасын беріп, мерекелік дәмнің жасалуына өз үлесін қосты.

Ал, ұлттық ойын түрлерін ойнап, дәстүрлі спорттық сайыстарға қатысуға ниет білдіргендер «Асық ату», «Жамбы ату», «Қол күрес», «Арқан тартыс», спортты-интеллектуалды «Тоғыз құмалақ», «Қазақша күрес», ұлттық ат спортынан «Көкпар тарту» сынды сайыстарда бақ сынады.

Наурыз мейрамы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Онда танымал өнер жұлдыздары, шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. 30 киіз үй тігіліп, қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шеберлік дәрістері көрсетілді. Ұлттық тағам әзірлеуден «Нағыз келін» сайысы өткізіліп, қазақ тілін үйренем деушілерге «Бас қосу» жасады. Ұлттық аспаптарда күмбірлетіп күй шертіп, киіз, былғары, керамика, жібек, күміс, ағаш пен металдан жасалған бұйымдар жәрмеңкесі мен «Казахи на рубеже веков» атты XIX-XX ғасырдағы мұрағаттағы суреттер көрмесі көпшіліктің көңілінен шықты. 

Халықтық серуен концерттік бағдарламамен ұласып, Астана алаңында сағат 21.00-де мерекелік от шашумен аяқталады.

ФОТО: Дәурен Исаев